ҚАЗУ ЖҰМЫСТАРЫН РҰҚСАТСЫЗ ЖҮРГІЗГЕН ЖАҒДАЙДА 100 АЕК АЙЫППҰЛ ТӨЛЕУІҢІЗ МҮМКІН

74
0
Шымкентте рұқсатсыз қазу жұмыстары жүргізілсе айыппұл арқалайды, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бүгінде Шымкент қаласында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту кезек күттірмейтін мәселелердің біріне айналып отыр. Шалғайда жатқан елді мекендерде қазірде көгілдір отынын, ауызсу құбырын, кәріз жүйелерін жүргізу қарқын алған. Яғни онда жер қазу жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар заң шеңберінде жүзеге асырылатын мәселе. Одан бөлек, тұрғындардың жеке тұрғын үй салу кезінде де заңбұзушылықтар орын алып жататыны белгіл.
Шымкент қаласы аумағында жүргізілген газ құбырларының бүліну факторлары анықталған жағдайда ҚР әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 305-бабында көзделген құқықбұзушылықтар негізінде айыппұл төлеуіңіз мүмкін.
Газбен жабдықтау қызметін жүзеге асыратын мекемелердің ((«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ШӨФ, Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы, жеке меншіктер) келісімінсіз жұмыстар жүргізу кезінде орын алған келеңсіздіктер әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.
Атап айтатын болсақ: жеке тұлғаларға – 10 АЕК; шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 15 АЕК; орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 20 АЕК; iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айыппұлдарды, салықтарды және басқа да төлемдерді қолдану үшін айлық есептік көрсеткіш 2022 жылы, 3 063 теңге болып белгіленген.
Айта кету керек, Шымкенттегі Бадам өзенінің жағалауы маңында жер қойнауын өз бетінше пайдалану жағдайларының көптеп орын алып жатқандығы туралы жергілікті тұрғындардан тарапынан шағымдар түскен. Осыған байланысты өзекті мәселені шешу мақсатында Абай ауданының әкімі Б.Парманов, аудандық прокуратура, қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы, экология департаменті, полиция қызметкерлері және Шымкент қаласы бойынша көліктік бақылау инспекциясының өкілдері жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Бадам өзенінің жағалауынан жер қойнауын заңсыз ұрлау жайтының алдын алу, жауапкершілігі, мемлекетке келетін шығынның көлемі және салдары түсіндірілді. Сонымен қатар, Бадам өзенінің жағалауына кірер жолға арнайы ескертпе бұрыш орнатылып, қызыл лента тартылды. Алдағы уақытта жер қойнауын заңсыз пайдалану фактілерін алдын алу бойынша мемлекеттік органдар тарапынан рейдтік іс-шаралар жүргізілмек. Жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарға ҚР Қылмыстық Кодексінің 334-бабына сәйкес жаза қолданылады.