ҚАЛА БАСШЫСЫ БОЗАРЫҚТА ЖҮРГІЗІЛІП ЖАТҚАН ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ҚҰРЫЛЫСЫН ТЕКСЕРДІ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Бозарық» шағын ауданындағы 74 га жерге тартылып жатқан инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс барысын көріп, жұмыс сапасын қадағалады.
Аталған аумақтың 7 шақырымына электр энергиясы толықтай тартылып, құрылысы жүріп жатқан көп қабатты тұрғын үйлер қыркүйек айынан бастап сапалы электр қуатымен қамтылды. Бұған қоса 4,1 шақырымды құрайтын газ құбырын тарту жұмыстары басталған. Құрылыс толығымен жыл соңына дейін аяқталады, ал әзірге тиісті жұмыстың 20% атқарылды. Сондай-ақ мұнда жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын кәріз жүйесі тартылуда. Қазіргі уақытта құрылыстың 70%-ға жуығы орындалып, жоспар бойынша қалған жұмыстар қараша айында толық аяқталады. Әрбір істің сапалы болуын талап еткен шаһар басшысы нысандар құрылысы мерзімінде аяқталуы қажеттігін айтып, тиісті басқарма басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне тапсырма берді.
Айта кету керек, қазіргі уақытта Қаратау ауданына қарасты Бозарық шағынауданында бес қабатты тұрғын үйдің құрылысы бітіп, инфрақұрылым жүйелерін тарту жұмыстары тоқтаусыз жүргізілуде. Жуырда шаһар басшысы Мұрат Әйтенов нысан басына арнайы барып, бұған дейін берілген ескертпелердің түзетілгеніне көз жеткізген еді. Мұнда жалпы ұзындығы 1,4 шақырым электр желісі, 1,2 шақырым газ, 1,3 шақырым ауыз су құбырлары, 0,8 шақырым кәріз жүйесі тартылуда. Қазірге дейін барлық жұмыстардың 30 пайызға орындалды. Келесі жылы ауыз мен көгілдір отын тарту жұмысы толық аяқталмақ. Сонымен қатар 2020 жылы басталған жолдардың құрылысы 50%-ға салынды. Қалған жартысы келесі жылы толығымен бітеді. Тексеру барысында шаһар басшысы Мұрат Әйтенов атқарылатын жұмыстардың сапасына баса назар аудару керегіне тоқталды. Сонымен қатар тиісті басқарма басшыларына нысандардың дер кезінде жоғары сапада тұрғындарға тапсырылуын қадағалау керегін айтты. Сонымен қатар мерзімінен кешіктіруге жол беруге болмайтынын да тілге тиек етті. Жалпы Шымкент қаласына қарасты шағынаудандар мен елді мекендердегі бірқатар өзекті мәселелер шешімін тапты. Сапалы электр жарығы, ауыз су мен электр жарығын тарту бойынша да қыруар іс тынды. Ішкі орамдық көшелерге асфальтбетон жабындысы төселді. Тұрғындарды мазалаған мәселелер де біртіндеп шешіліп келеді.