ҰЛТТЫҚ МЕРЕКЕ ҚАРСАҢЫНДА БАЛАЛАРҒА ТАРТУ ЖАСАЛДЫ

105
0

Шымкент қаласына қарасты Тұран шағынауданындағы «New city» тұрғын үй кешені ауласында жаңадан ашылған балалар алаңшасы 25 қазан – Республика күніне тарту етілді. Балалар алаңының ашылу салтанатына аудан әкімі Рақымберді Мулкеманов қатысып, тұрғындарды алдағы мерекемен құттықтады.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы 2022 жылды «Балалар жылы» деп жариялады. Бүгін 25 қазан – Республика күні қарсаңында 9/3, 9/4, 9/6, 9/7 үйлердің ауласында жаңа балалар ойын және спорт алаңшасы қолданысқа беріліп отыр. Жалпы, биылдың өзінде 51 ойын және спорт алаңын салу жоспарланған болатын. Оның 41-і ойын алаңы. Мұның барлығы бүлдіршіндеріміздің игілігі үшін жасалып жатқан дүниелер. Барша аудан тұрғындарын Ұлттық мерекемен шын жүректен құттықтаймын», — деді аудан әкімі. Жаңадан ашылған алаңшада демалуға арналған бастырма, орындықтар, қоқыс жәшіктері және ойын элементтері орнатылған. Ал, ересектер үшін дене шынықтырумен айналысуға да мүмкіндік бар. Жаттығуға арналған спорт тренажерлері салаутты өмір салтын ұстанушыларға сеп болмақ. Орнатылған ойын және спорт элементтерінің барлығы Шымкенттегі кәсіпорында өндірілген отандық өнім. Мердігер компания екі жылға кепілдік мерзім беріп отыр.

Айта кету керек, Қазіргі уақытта Шымкент қаласындағы Тұран шағынауданы мен әкімшілік-іскерлік орталықта бой көтерген 7 арендалық үйдің құрылысы аяқталып, ондағы пәтерлер баспана кезегінде тұрған отбасыларға шілде айында тапсырылған. Жыл соңына дейін қалған 24 кредиттік және 20 арендалық үйді ел игілігіне беру жоспарлануда. Жалпы биыл Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынанан білім беру саласында 4,6 мың орынға арналған 11 білім ғимаратының құрылысы жүруде. Оның ішінде 4 орта мектептің жанынан салынған қосымша ғимараттар жаңа оқу жылы басталғанға дейін салынып бітті. Ал, жыл соңына дейін білім саласында тағы 3 нысан пайдалануға беріледі. Қалған 4 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі. Оған қоса, бүгінгі таңда білім саласында жалпы 6 690 орынға арналған 16 ғимараттың жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.