ТҮРКІСТАНДЫҚ ОТБАСЫЛАР ЕККЕН АҒАШТАРДЫҢ 80 ПАЙЫЗЫ ЖЕРСІНДІ

85
0

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымы соңғы елу жылда әлемде табиғат апаттары 5 есе жиілей түскенін айтып дабыл қағуда.  Сарапшылар мұны климаттың өзгеруімен байланыстырады. Бұл ретте аумақтардағы микроклиматты жақсартудың маңызы зор. Осы бағытта Түркістан қаласында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

Түркістанда аллеялар көлемі артып келеді. Арық атыздар қалпына келтіріліп, көгалдар көптеп егіліп жатыр. Сонымен қатар, жеке сектордағы және көп қабатты тұрғын үйлердің 90 пайыздан астамы табиғи газға қосылды. Алдағы уақытта да экологиялық ахуалды жақсарту бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі.

Түркістан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев осы жылдың бірінші жартыжылдығын қорытындылау кезінде Түркістан Өңірлік коммуникациялар қызметінде осылай деген еді.

Расында да жоғарыда айтып өткен жұмыстардың есебінен қаланың атмосфералық ахуалы жақсара түсті. Бүгінге дейін жылыту маусымы басталса Түркістан аспанын көк түтін басатыны көп айтылатын. Облыс орталығы болған уақыттан бастап (2018 жыл) қаланы көгалдандыру қарқын алды. Соның есебінен аталған мәселе күн тәртібінен түсті.

Жалпы Түркістан қаласында Түркістанда көгалдандырудың түрлі жобалары жүйелі жүзеге асырылуда.

Өткен жылғы он күнге жалғасқан «ОТБАСЫҢМЕН ОН ТАЛ ЕК» отбасылық эко-акциясы аясында түркістандықтар жүз мыңнан аса ағаш көшетін отырғызды.

Игі шараға қала тұрғындарымен қатар мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым мүшелері, зиялылар, ардагерлер және қала тұрғындары атсалысты.

Қаланың жасы мен қарты қатысқан шарада егілген көшеттердің сексен пайызы қазірде көгалданды. Көгалданған ағаштарға ерікті тұрғындардың өздері күтім жасап, қадағалауға алған.

Атап айтқанда, «Самал», «Отырар», 1,2 мөлтек аудандары мен Түркістан-Қызылорда тас жолы бойындағы 20 мыңнан астам қарағаш, гужум, айлант, терек және қарағай сынды ағаш көшеттері жайқалып өскен.

Бүгінде аталған аумақтарда отырғызылған ағаштардың отыз пайызы гидрантты жолмен суландырылса, қалған бөлігіне арнайы суғару жүйелері арқылы күтім жасалуда.

Мамандар қазіргі таңда түркістандық отбасылар еккен ағаштардың жерсінуі 80 пайызды құрап отырғанын алға тартады.