ШЫМКЕНТТЕ МЕМЛЕКЕТТІК ТУ КӨТЕРІЛДІ

93
0
Шымкенттегі Тәуелсіздік алаңында Туымыз көкке көтерілді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Ұлттық және мемлекеттік мереке ретінде қоғамдық қолдауға ие болған Республика күні Қазақстанның жаңа тарихында еліміздің басты мерекелерінің бірі болып қайта оралды. Осыған орай бүгін Шымкентте Тәуелсіздік алаңында Туымыз көкке көтерілді.
Салтанатты рәсімге қала басшысы М.Әйтенов, халық қалаулылары, құқық қорғау орган басшылары, сот, қоғам белсенділері мен БАҚ қатысты.
Тарихи датаның маңыздылығын айтқан М.Дүйсенбекұлы жиналған қауымды айтулы күнмен құттықтады.
Шымкент қалалық опера және балет театрының хор ұжымы “Көк тудың желбірегені” әнін орындап, әскери үрмелі оркестрдің орындауында патриоттық музыкалық әуендер шырқалды. Мерекені айшықтай түсу мақсатында салтанатты шара вело және көліктер шеруімен өз жалғасын тапты.
Сонымен қатар, қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында қаладағы барлық алаңдар мен орталықтарда мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып 25 қазақ— Республика күні аталып өтті.
Шымкент қалалық Мәдениет басқармасының ұйытқысымен «Арбат» алаңында музей, кітапхана, театр ұжымдары арнайы келіп, Республика күніне орай өткізілген көрмеге қатысып, тақырыптық көрнекіліктерін қалың көпшілікке таныстырды. Бұдан бөлек мерекелік шарада Шымкент қалалық мәдениет үйінің өнерпаздары ән айтып, мерекеге келген қонақтардың көңіл-күйін көтерді. Шара аясында спорттық сайыстар да назардан тыс қалмады. Білекті азаматтар қол күрессе,, мықтылары қошқар көтеріп, өз бақтарын сынады. Ал, жасөспірімдер асық ойнады. Қала дәмханалары мен кондитерлік үйлері өз дәмдерін ұсынды.
Дәл осындай мерекелік іс-шара Еңбекші ауданында да аталып өтті. Мерекелік іс-шара 12 шағынаудандағы жаңадан ашылған ерекше үлгідегі гүлзарда ұйымдастырылды. Онда Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек көпшілікті ұлттық мерекемен құттықтап, еліміздің қарыштап дамып, толағай табысқа жетуі – халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің жемісі екенін атап өтті. Іс-шарада шаhардың әлеуметтік-мәдени дамуына үлес қосқан аудан тұрғындары «Ерен еңбегі үшін» медалімен, аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.