ҮСІК ШАЛҒАНДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Қыс –  қыр астында. Қатал қыс қаһарына мінгенде адамдарды үсік шалу оқиғалары тіркеліп жатады. Мұның басты себебі ауа райының қолайсыздығына қарамастан және ресми түрде хабарланған дабылды ескертулерге құлақ аспай адамдардың өз бетінше әрекет етуі болып табылады.

Түркістан қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы үсік шалған кезде алғашқы көмек қандай болу керектігі туралы түсіндіру жолдайды.

Ең алдымен, үсік шалған адамды жылы жайға жеткізіп, аяқ киімін, шұлығын және қолғабын шешу керек. Дереу жедел жәрдем шақырту қажет. Егер бірінші дәрежелі үсік шалғанда үсіген тері қабатын қызарғанша жылы алақанмен жылытып, уқалау қажет. Жүн матамен, демнің жылуымен жылытып, соңынан мақта-дәкемен таңады. Зардап шеккен адамға ыстық ас, ыстық шай беруге болады. Және аспирин мен анальгин берген жөн. Бұл дәрілер науқастың  қан тамырларын үлкейтіп қанның жүруін жақсартады.

Науқасты жылыту мақсатында ішімдіктер беруге, сонымен қатар, үсуге ұшыраған тері аумақтарын интенсивті түрде қармен, маймен, спиртті ерітінділерімен уқалауға мүлдем болмайды. Үсіген адамды алдын ала жылы температурада жылытып алмай, ыстық сулы ваннаға салуға тағы болмайды. Науқасты жылыту мақсатында лаулап тұрған отты пайдалану да қате. ІІ-ІV дәрежелі үсік шалғанда тез жылыту, массаж немесе уқалау жасаудың қажеті жоқ. Зақымдалған жерге жылу шығармайтын дәке таңу қажет (қабатталған мата, қалың мақта қабаты, тағы да мата, үстінен кленка немесе резеңке мата). Ең маңыздысы қандай жағдай болмасын  жедел жәрдем шақыру қажет.

Көбінесе адамдардың қол, бет, құлағы үсікке шалынады. Үсіктен қорғану мақсатында кең және жылы киінген жөн. Аяқ киімнің кең болғаны жақсы. Себебі аяқтарыңыздың саусағы аяқкиім басына тиіп тұрса, ауа айналмайды да, аяғыңыз тоңып, үсіп кетуі мүмкін. Және су өткізбейтін, табаны қалың аяқ киім киген абзал. Аязда темір, күміс, алтын әшекейлер тақпаған дұрыс. Құлақ пен бетіңізді міндетті түрде жауып жүріңіз. Мұрын тез тоңып, үсіп кетуі мүмкін. Қатты суықта тек мұрынмен демалған дұрыс.

Үсік шалғанда ішімдік ішуге мүлдем болмайды. Алкоголь денені жылытқандай әсер етуі мүмкін. Бірақ  олай емес. Дұрыс тамақтанған жөн. Ас жылу береді. Тоңсаңыз, ыстық шай ішіңіз немесе ыстық ас ішіңіз. Темекі тартпаңыз, әсіресе, аязды күні. Темекі қан айналымын нашарлатады.

Қайткен күнде де оқыс оқиғалармен күрескеннен гөрі оны алдын алу әлдеқайда оңай. Сол үшін дауылды ескертулерге құлақ асу қажет. Үсік шалу адамды мүгедектікке ұшыратып, тіпті өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін.

Жалпы, үсік шалу дегеніміз — бөлмеден тыс төменгі температура кезінде адамның сыртқы терісінің үсіп кетуі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, үсік шалу уақыты әсіресе қысқы кезеңінде -10, -20 С және одан да төменгі температурада орын алады. Күзгі және көктемгі кезеңде ауада ылғалдың көп болуынан және қатты жел кезінде 0 С сәл жоғары температурада қолдың және дененің басқа да бөлігін үсік шалуы мүмкін.

Көбіне көп ішімдік ішкен және психотроптық заттарды қолданатын адамдар үсікке түседі екен. Статистикалық көрсеткіштер осыған саяды. Тар аяқ киім, ылғал киім адамның тез үсуіне бірден-бір себеп.

Үсікке шалдыққан қолды суық су астында ұстауға немесе қармен ысқылауға болмайды. Себебі, қардың ішіндегі кішкентай кристалдар теріні зақымдайды. Бір рет үсікке шалдыққан дене бөліктері суыққа өте сезімтал болады.

Төтенше жағдай болған жағдайда шұғыл түрде өрт сөндіру бөліміне «101», «112» телефонына хабарласып, жағдайды, мекен-жайды дүрбелеңсіз толық айту керек.