Берік БЕКЖАНОВ, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы: «МЕМЛЕКЕТТІК КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ БАРЛЫҒЫНДА ҰЖЫМДЫҚ КЕЛІСІМ ШАРТ ЖАСАЛҒАН»

157
0

Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Бекжанов 2019 жылдың  6 айда атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша баспасөз брифингін өткізді. 

Төраға Берік Айдарбекұлы  2019 жылдың басынан бері 9 мекеменің 800-ден астам жұмыскер алдындағы 121,8 млн. теңге жалақы қарызы болса, 6 айдың қорытындысымен оның саны 3 мекемеге азайып, 740 жұмыскердің 107 млн. теңгеге жалақы қарызы қайтарылғанын мәлімдеді. Қалған 6 кәсіпорынның 79 жұмыскерге төленуі тиіс 14,6 млн. теңге берешегін өндіру алдағы уақытта іске асырылмақ.

Жыл басынан бері Шымкентте 24 өндірістік жазатайым окиға орын алып, салдарынан 24 адам зардап шегіп, 3 адам қайтыс болған. Зардап шеккендердің 8-і ауыр, 13-і жеңіл жарақаттанған.  Көз жұмғандардың біреуі әйел. Өлімге соқтырған өкінішті жағдайдың барлығына жол көлік оқиғасы себепкер болған.  

Бүгінде кәсіподаққа мүше адамдардың  6% (9960) оқытудан өтті. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлардың 1069-ы немесе 74% біліктіліктерін көтерген.  Еңбек қауіпсіздігін сақтау бойынша 586 тексерулер өткізілген. Оның ішінде өндірістік кеңестің бастамасымен 166,  жұмыскерлердің бастамасымен 125 тексеру жүргізілген.

Нәтижесінде еңбек заңдылықтарын бұзудың 477 дерегі анықталып, тиісті еркертпелер беріліп, кемшіліктер  түзетілген. Жұмыскерлер жағдайын жақсартуға бағыттылаған бұл ескертпелердің 149-ы еңбек қауіпсіздігі жағдайын қамтамасыз етуге қатысты болса, 75-і еңбек қауіпсіздігі ережесін және нұсқамаларын бұзуға қатысты, 56-сы оқытудан және нұсқаулықтан өтпегені тұрғысында, 10-ы арнайы киіммен және жеке қорғаныс киімімен қамтамасыз ету төңірегінде  және т.б түрінде болған.

Кәсіпорындар мен ұйымдарға еңбек қауіпсіздігін сақтау және жұмыс орындарында жұмыскерлерге қолайлы жағдай жасау бойынша 106 ұсыныс берілген.

Кәсіподақ ұйымдары 55 еңбек дауын шешуге және 5 жазатайым оқиға орын алған жағдайларды зерттеуге қатысқан.

Есепті кезеңде 50 жұмыс орны аттестаттаудан өткізіліп, өндірістік кеңес жұмыстарындағы еңбек қорғау және техника қауіпсіздігі бойынша        102 семинарлар өткізілген.

Осы деректерді алға тартқан Берік Бекжанов қазіргі таңда Шымкентте жұмысшылардың құқын қорғау бойынша ең өзекті проблема ретінде ұжымдық келісім шарттың жасала бермейтіндігі екенін мәлімдеді.

– 2019 жылдың басында жұмыс жасап тұрған жалпы 21661 кәсіпорынның (592 мемлекеттік және 21069 жекеменшік) тек 1033-де (4,8%) ғана ұжымдық шарт жасалған. Ұжымдық келісім шарт жасауды мемлекеттік кәсіпорындардың барлығы жүргізген. Ал жекеменшік кәсіпорынның тек 2,1 пайызы ғана осы ережені сақтаған. Қалған  20628 (95,2%) мекемеде ұжымдық шарт жасалмаған,-деді.         

Сондай-ақ ол, Елбасының «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында  Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесін» автоматтандырылған ақпараттық жүйеге енгізу бойынша Шымкент қаласында орналасқан 394 мекемеде 30948 еңбек шарты жобаға енгізілгенін, аталған бағыт бойынша жұмыстар жалғасын табатынын айтты.

uakit.kz

Сурет авторы: С. Қосаев.