АҚ ХАЛАТТЫЛАР ТҰРҒЫНДАРДЫ МАЗАЛАҒАН САУАЛДАРҒА ЖАУАП БЕРДІ

95
0

Бүгінде денсаулығында кінәраты бар азаматтардың бәрі бірдей ауруханаға барып, кезек күтіп, дәрігерге қарала бермейді. Өз кезегінде, ақ халаттылар дәл осы мәселенің шешілуіне ұйытқы болып, түрлі шаралар ұйымдастырып келеді. Жуырда Шымкент қаласында дәл осындай бастаманың бірі сәтті жүзеге асты. Соның арқасында көптеген тұрғын өзін мазалаған сұрақтарға жауап алды. Сонымен қатар дәрігерлер сауалмен жүгінген әр азаматқа құнды кеңестер де берді. Толығырақ тарқатайық…

29 қазан — Дүниежүзілік инсультпен күрес күні. Осыған орай 22 қазан күні №2 қалалық ауруханасына қарасты емханада дәрігерлер «Ашық есік күнін» өткізіп, денсаулығы сыр беріп жүрген тұрғындарды қабылдады. Оларға кардиолог, невропатолог, нейрохирург, ЖТД, психолог және кардиоревмотолог бөлімінің дәрігерлері қызмет көрсетіп, кеңес берді. Нейрохирургке –19, кардиологқа – 47, психологқа – 18, невропатологқа – 48, ЖТД дәрігерлеріне – 23, кардиоревматологқа – 30  тұрғын келіп қаралған. Жалпы шара барысында 106 азаматқа медициналық көмек берілді. Ақ халаттылар кеңес берумен ғана шектелген жоқ. Тұрғындардың денсаулығын тексеріп, сырқаудың нақты анықтамаларын айтып, ақпарат берді. Жуырда Шымкент қалалық перенеталдық орталығына нәрестелердің шетінеуін азайтып, мүгедектігінің алдын алуға арналған заманауи медицина жабдығы салтанатты түрде тапсырылды. Бұл туралы «Ayala» қорының өкілі Наталья Еськова «2017 жылы «Ayala» қоры мен Денсаулық сақтау министрлігі «Басқарылатын гипотермия» жобасын қолдау туралы меморандумға қол қойды. Бүгінге дейін Қазақстанның 12 қаласында қор орнатқан жабдықтар арқылы 235 жаңа туған сәбидің өмірі мен денсаулығы құтқарылды. Бұл кешенді жабдық босану кезінде ауыр және орташа асфиксияға ұшыраған сәбилердің өмірін сақтап, денсаулығын қалыпқа келтіруге арналған. Ал, республика көлемінде орнатылған 12 кешеннің алтауы «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауымен алынып отыр» — деді. Мамандардың сөзіне сенсек, Шымкент — «Samruk-Kazyna Trust» қорының демеушілік қолдауымен мұндай заманауи жабдыққа қол жеткізіп отырған алтыншы өңір. «Samruk-Kazyna Trust» қоры өткен жылдан бастап «Ayala» қорымен бірлесіп, игі бір жобаны жүргізіп келеді.  Біздің қор үшін денсаулық сақтау саласындағы өңірлік жобаларды қолдау — маңызды басымдықтардың бірі» — деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» қоры бас директорының орынбасары Серғожа Қалиасқаров.