ШЫМКЕНТТЕ ШАҒЫН ЖӘНЕ ОРТА БИЗНЕСТІҢ ДАМУЫ ҚАРҚЫН АЛҒАН
Шымкентте шағын және орта бизнесінің өсім көрсеткіштері жақсарып келеді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкент қаласында 2022 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша 101 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді. Заңды тұлғалар – 19,1 мың бірлікты құраса, жеке тұлғалар – 77,5 мың бірлік, ал шаруа қожалықтары – 4,3 мың бірлік жетіп отыр. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 39 пайызға өсім көрсеткен.
Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қаласының кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Б.Дуйсебеков 2022 жылдың 9 айында атқарылған жұмыстары бойынша БАҚ өкілдеріне берген баспасөз брифингінде айтты.
Жалпы Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 179,9 мың адам жетіп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,4%-ға өскен. Өндірілген өнім көлемі бойынша 2022 жылдың 1-тоқсанында 317,3 млрд. теңгені құрап, 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30,1%-ға артқан. 2022 жылдың қаңтар-наурызда шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 36,2%-ды құрады.
Шағын және орта кәсіпкерлікті мемлекеттік бағдарламалар аясында қолдау мақсатында 2022 жылға 15,7 млрд. теңге қаржы бөлінген, оның ішінде республикалық бюджеттен – 12,2 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 3,5 млрд. теңге. Жалпы жыл басынан 11,1 млрд. теңгеге 3 028 жобаға қолдау көрсетілген. Ал «Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2022 жылға 9,4 млрд. теңге бөлінген.
Айта кету керек, жалпы өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 666,4 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі 6,7 пайызға артқан, қала экономикасына 327,9 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызды құраған. Сондай-ақ, бөлшек сауда көлемі 417,9 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 11,5 пайызға жетіп отыр.