БАСҚАРМА БАСШЫСЫ ТҰРҒЫНДАРДЫ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІМЕН ҚАБЫЛДАДЫ

89
0

Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асылбеков Нұрлыбек Абибуллаұлы тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Басқарма басшысымен кездесуде тұрғындар дәрілік заттармен қамтамасыз ету, емдеу жұмыстары және жұмысқа орналасуға қатысты мәселелерін ортаға салды.

Сирек кездесетін ауруға шалдыққан баласы бар азаматшалар жеке қабылдауда басқарма басшысына дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жағын шешіп беруді сұранды. Тұрғынның шағымын тыңдаған басқарма басшысы бұл мәселелерді қысқа мерзімде шешуді сала мамандарына тапсырып, істің соңына дейін жетуін өзі қадағалауға алатынын айтты. Сондай-ақ басқарма басшысымен кездесу барысында пациенттер медицина мамандарының дөрекі әрекеттеріне наразылығың білдірді. Жеке қабылдау соңында Нұрлыбек Асылбеков басқарма қызметкерлеріне және медицина ұйым басшыларына жеке қабылдауда көтерілген мәселелерге заң аясында тиісті шара қолданып, азаматтардың сауалына оңтайлы жауап беруін тапсырды.

Жуырда Шымкент қаласы мәслихатының кезекті жиырма бірінші сессиясында үшінші мегаполистің медицина саласында атқарылатын жұмыстар жайы айтылған болатын. Міне сонда Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков саланы дамыту бойынша жұмыстардың жоспарымен таныстырды. «Шымкент қаласы бойынша 13 мемлекеттік емхана 600 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетсе, 31 жекеменшік емханада 507 мың тіркелген. Алайда, 2025 жылға дейін қалаға 6 емхана керек деп қарастырылып отыр. Бұл емханалардың құрылысына инвестиция тарту жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, республикалық бюджет есебінен 2025 жылға дейін 200 төсек-орынды перзентхана салу мәселесі де қаралып жатыр» деп атап өтті қаланың бас дәрігері. Яғни үшінші мегаполистің медицина саласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Қолға алынған шаруа шаш-етектен. Нәтижесін көз көріп келеді. Бұрындары қала тұрғындары ауыр оталарды жасату үшін Астана мен Алматы асатын еді. Бүгінде қаладағы медицина орталықтарының базасында міне сондай күрделі оталар жасалып жатыр. Қала берді, саланың өзі соңғы үлгідегі материалдық-техникалық базамен де нығайып келеді. Аталған бағыттағы жұмыстар болашақта да жалғаса бермек.