ШЫМКЕНТТЕ «ТІЛ ТАҒДЫРЫ — ЕЛ ТАҒДЫРЫ» АТТЫ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

98
0
Шымкентте қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының 25 жылдық мерейтойына арналған «Тіл тағдыры — ел тағдыры» атты конференциясы өтті, деп хабарлайды Uakit.kz.
Ширек ғасырда Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығы отыз мыңға жуық азаматқа тіл үйретіп, біліктілігін шыңдаған.
«Орталық 1997 жылы қаңтар айында Шымкент қаласы әкімінің шешімімен мемлекеттік тілді міндетті және ақысыз оқыту орталығы ретінде жұмысын бастаған. Бұл сол жылдары елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеріп, қолданыс аясын кеңейту мақсатында құрылған тұңғыш орталық болатын. Осы жылдар ішінде Шымкентте 27 339 тіл үйренуші арнайы курстан өтті. Олардың қатарында білім, денсаулық, әділет және құқық қорғау, ауыл шаруашылығы, қаржы, энергетика салаларының мамандары бар. Бүгінде орталық мемлекеттік мекеме қызметкерлеріне, тұрғындарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерін оқытып, үйретумен айналысады. Үш тілді жетік меңгерген мамандарды ынталандыру мақсатында түрлі байқаулар мен сайыстар, басқосулар, шеберлік сағаттарын ұйымдастырып тұрамыз«, — дейді Шымкент қалалық тілдерді оқыту әдістемелік орталығының директоры Гүлмира Жанысбекова.
Салтанатты жиында орталықтың іргетасын қалаған тіл мамандары мен зиялы қауым өкілдері құттықтау лебіздерін білдірді. Ал, конференция қонақтары — Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл– қазына» Ұлттық ғылыми-практикалық орталығының басқарма басшысы Ж.Искакова, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының жетекші ғылыми қызметкері Н.Рсалиева мен Қызылорда облысының тілдерді дамыту орталығының директоры М.Дәулетбаева тіл үйретудің әдістемесі, тілдегі өзгерістер мен мемлекеттік тіл тақырыптарында кеңінен баяндама жасап, сала мамандарымен пікір алмасты.
«Жойылып, жұтылып кететін тілдердің алғашқы белгілерінің бірі — үстем тілдердің сөз тіркесін ауызекі сөйлегенде жиі қолдану. Ал, ең соңғы белгісі — өзінің ана тілінде сөйлеуге арланатын, намыстанатын азаматтар пайда болады. Біз қазақ тілі жұтылып кетпеуі үшін тіл тазалығын сақтауымыз керек. Таза сөйлеу де тазалыққа жатады. Мәселен, Ресейде тереңдетілген түсіндірме сөздігі жинақталып, сонда «ё» әрпін «е» әрпімен бірге таңбалап жіберіпті. Сол кезде тілімізге зияны тиді деп, Ресейдің Ульяновск қаласында «Ё» әрпіне құлпытас қойып, жоқтау салған. Біз ана тілімізді сақтау үшін бір әріп түгілі таңбамызды жоғалтпауымыз қажет«, — деді Нұрсәуле Мақсұтқызы.
Тіл мамандары бүгінде қате қолданылып жүрген сөз тіркестері мен сөздердің калька аудармаларынан мысал келтіре отырып, тіл тазалығын сақтауға үндеді. Сонымен қатар, өзге ұлт өкілдеріне қазақ тілін, ал қазақ азаматтарына орыс, ағылшын тілдерін оқытудың тиімді әдісімен бөлісті.