ТҮРКІСТАНДА ТҰМАУДАН САНИТАРЛЫҚ-ЭПИДЕМИОЛОГИЯЛЫҚ ЖАҒДАЙ ҚАЛЫПТЫ

104
0

Түркістан қаласында «Астан улану мен тұмаудың алдын-алу» атты жиын өтті,-деп хабарлайды uakit.kz.

Түркістан қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының ұйымдастыруымен өткен семинарда аталған мекеме мамандары мектеп асханаларына жауапты қызметкерлерге өткір респираторлық вирустық инфекциядан қорғану және мектеп асханаларындағы санитарлық талаптарды сақтау ережелерін түсіндірді.

Семинарда қоғамдық тамақтану орындары мен мектеп асханаларындағы санитарлық талаптар айтылды. Мектеп асханаларына қойылатын негізгі мақсаттар мен міндеттер түсіндірілді. Азық-түлік пен тез бұзылатын тағамдарды қандай жағдайда сақтау жағы да түсіндірілді.

Өз кезегінде мектеп асханасына жауапты кәсіпкерлердің де айтары бар. Олар оқушылар үзіліс кезінде немесе жолай басқа дүкендерден, тамақтану орындарынан ас алып, уланып келуі әбден мүмкін екенін, сол үшін талап бәріне бірдей қойылып, бақылау күшейтілсе деген ұсыныс-тілектерін айтты.

Санитар дәрігерлер семинарда кәсіпкерлер тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап беріп, ұсыныс-тілектерін назарда ұстайтындарын жеткізді. Санитар дәрігерлер негізінде  дүкендерге қарағанда білім ұяларындағы асханалар мен қоғамдық тамақтану орындары маңыздылығы жоғары нысандар санатына жататынын атап өтті. Сондықтан да тамақтану орындарына қойылатын талап әрдайым биік тұратынын ескертті.

Күзде өткір респираторлық вирустық инфекцияның маусымы басталатыны белгілі. Сондықтан оның алдын алып, таралуына жол бермеу қажет. Түркістан қалалық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары осыған екпін қойып отыр.

Жыл басынан бері Түркістан қаласында жоғарғы тыныс жолдарының қабыну аурулары бойынша 265 жағдайы тіркелген. Оның 133-і 14 жасқа дейінгі балаларда кездескен.

Санитар дәрігерлер  Түркістан қаласында жоғарғы тыныс жолдарының қабыну аурулары бойынша эпидемиологиялық жағдай қалыпты екенін алға тартады. Биыл қала бойынша  28 845 адамға тұмауға қарсы екпе жасау жоспарланған. Оның 3800-і медицина қызметкерлері болса, 1245-і жүкті әйелдер.

Уикипедия ашық энциклопедиясында тұмау туралы тқмендегідей ақпарат берілген.

Тұмау немесе грипп (лат. grіppus, фр. grіpper, ағылш. influenza – “бас салу, шап беру”) – тыныс жолдарының жұқпалы вирустық ауруы. Аурудың қоздырғышы – ортомиксовирустар, олардың үш типі: АВС бар. Өте жұқпалы ауру. Тұмау вирусының сыртқы қабыршағының құрамында гемагглютицин (оны Н әрпімен белгіленеді) және нейраминидаза (N әрпімен белгіленеді) болады. Олар әр түрлі факторлардың әсерінен өзгеріп, тұмау вирусының жаңа вариантын түзуі мүмкін.

Кейде ол асқынып кетіп тыныс жолын, нерв жүйесін, қан тамырды, жүректі ауруға шалдықтырады. Тұмауды қоздыратын вирустар (микробтар) тыныс жолының кілегей қабығында өсіп-өнеді. Тұмау тиген адам аурудың микробын жөтелгенде, түшкіргенде және қақырығы арқылы ауаға таратады. Сондай-ақ тұмау вирусы науқастың ыдысы, сүлгісі, қол орамалы, кітабы және т.б. арқылы жұғады.

Тұмаумен бір мезгілде бір болыс, өлке, тіпті бүкіл жер жүзі адамдарының жаппай ауруы мүмкін. Бір ауырған адам бір-екі жылға дейін қайтып тұмаумен ауырмайды. Тұмау салқын кезде жиі, ыстықта сирек кездеседі. Кейде адамға суық тиіп, тыныс жолының жоғарғы бөліктері қабынып, оның тұмауға ұқсауы да мүмкін. Бірақ бұл тұмау емес. Ол салқын тигенде мұрын, көмей, жұтқыншақтарды жайлайтын басқа микробтардың әрекеті. Тұмау вирусы күн сәулесіне және зарарсыздандырғыштар (хлор, қышқылдар, спирт және т.б.) әсерінен тез қырылады.

Аурудың вирустары — екі туыстасқа бөлінетін (А және В вирустар тобы), ортомиксовирустар тұқымдастығына кіреді. А туыстыққа 14 түрлі гемагглютининдері және 10 түрлі нейраминидазалары бар вируcтар кіреді. В туысты вирустар антигендік қасиеттері жағынан табиғи штамдарға жақын. Олар жаппай ауру туғызбайды және құстар мен жануарларды зақымдамайды. Тұмау вирусы өте тез тарайды. Инфекцияны қоздырушы – тұмаумен ауырған адам. Қоздырғыштар науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде және қақырық, сондай-ақ науқас адам пайдаланған заттар, т.б. арқылы таралады. Ауалы-тамшылы жолмен түскен вирус жоғарғы тыныс жолдарының беткей жасушаларына еніп, өсіп-өнеді де мұрынның шырышты қабаттарын зақымдайды, қанға сіңіп, жалпы организмді уландыра бастайды. Аурудың жасырын кезеңі 1 – 4 күнге созылады. Тұмау кезінде науқастың денесі дел-сал болып, тамағы мен тыныс жолдары ашиды, дене қызуы көтеріліп (38 С-қа дейін), асқа тәбеті болмайды. Адам басы ауырып, бұлшық еттері сыздайды. Адамға тұмау тигеннен кейін бірнеше сағаттан соң (кейде 1 – 2 күннен кейін) мұрыннан су ағады, даусы қарлығып, жөтеледі, қақырық пайда болады, иіс сезуі нашарлап, көзі қызарады. Тұмау, әсіресе, емшек еметін сәбиді қатты әлсіретеді. Баланың танауы бітеліп, демалысы қиындайды, мазасызданып, ұйқысы бұзылады. Тұмау ересек адамдар үшін де қауіпті, ол құлаққа, тамаққа, тыныс жолдары мен өкпеге зақым келтіруі мүмкін. Тұмаудан жазылғаннан кейін ағзада иммунитет пайда болады, ол А типінен кейін 1 – 2 жылға, В типінен – 2 – 3 жылға созылады, С типінен кейін тұрақтанады. Сондықтан С типімен ауырған адамдар тұмаудың бұл түрімен қайталап ауырмайды.

Ауруды алдын алу үшін нақтылы диагноз қойып, науқасты оқшаулап, ауруханаларда не басқа тиісті мекемелерде карантин жарияланады. Тұмауға қарсы вакцина егіледі, оның ішіндегі ең тиімдісі – тазартылған вириондық вакцина. Алдын-ала организмді шынықтыратын емдер жасап, спортпен шұғылданған дұрыс.

Тұмау басталғанда адамның денесі дел-сал болып, көңіл-күйі нашарлайды және тағамға тәбеті шаппайды. Бір-екі күннен кейін дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, бұлшық еттері сыздап, буын-буыны сырқырайды, мұрны бітеді, дауысы қарлығып, жөтеледі, тамағы қызарып, жұтынғанда ауырады, көзі қызарып жасаурайды. Адам дереу дәрігерге көрініп, емделсе, үш-бес күннен кейін дене қызу төмендеп, сауыға бастайды.

Тұмаудың емі д әрігердің бақылауында болып, оңаша, ауасы таза бөлмеде жатып емделу. Дене қызуын, дене сырқырауын, аспирин, пирамидон және т.б. дәрілер тез басады. Тұмау вирусына антибиотиктер пайда етпейді. Ауру адам жөтелгенде, түшкіргенде аузы-мұрнын қолымен немесе орамалмен (шүберекпен) жабуға тиіс. Науқастың тек өзіне арналған ыдысы, орамалы т.б. болуға, олар жиі қайнатылып, жуылуға тиіс.

Тұмау асқынғанда науқасты ауруханаға жатқызып, кешенді емдеу шараларын жүргізеді.