ҚҰТЫРУ АУРУЫН АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША 600-ДЕН АСА АДАМҒА ТҮСІНДІРУ ЖҮРГІЗІЛДІ
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдай туралы Заңына сәйкес эпидемиялар мен індеттер төтенше жағдай енгізуге негіз болатын мән-жай болып табылады. Ондай індеттердің қатарында құтыру жұқпалы ауруы бар. Жыл басынан бері Түркістан қаласында құтыру ауруы тіркелген жоқ, — деп хабарлайды uakit.kz Түркістан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына сілтеме жасап.
Аурушаңдықты болдырмау мақсатында аталған басқарма тарапынан келесідей профилактикалық шаралар жүргізілген. Атап айтқанда, Түркістан қаласы әкімдігінде құтыру ауруының алдын алу үшін үйлестіру кеңесі өткізілген. Сонымен қатар дәл осы бағытта дөңгелек үстел ұйымдастырылған. Дәрігерлер мен орта буынды медицина қызметкерлерінің қатысуымен құтыру ауруы бойынша 32 семинар болған.
Жыл басынан бастап бүгінге дейін қорадағы төрт түлік пен ит, мысықтардың тістеуі,тырнауы және сілекейінің жағылуы жағдайы бойынша 609 адамға құтыру ауруы туралы түсіндіру айтылып, оған қарсы екпе салынған.
Құтыру – аса қауіпті жіті вирустық жұқпалы ауру. Көбінесе бұл ауруды тасымалдаушы — етқоректілер (ит, мысық, қасқыр, қарсақ, түлкі, т.б.) болып табылады. Жануарлар және адамға тістеу арқылы немесе терідегі жараға ауру жануардың сілекейінің жағылуы кезінде жұғады. Құтыру вирусы алдымен зақымданған жерде болып, артынан омыртқа жұлынына және бас миына түседі, одан кейін сілекей безіне түсіп, жүйке жүйесін зақымдап, сілекей арқылы далаға шығады. Сонымен қатар вирус көзді, өкпені, бүйректі, бүйрек үсті безін, бұлшық еттерді, қарын асты безін, сүт бездерін (сүт арқылы шығады) зақымдайды. Құтырудың клиникасы тек бүкіл ағзаны зақымдағаннан кейін ғана пайда болады.
Дүние жүзінде құтурудан жыл сайын 50 мың адам өлімге ұшырайды және 1 млн. жануар өледі.
Вирус ағзаға енгеннен кейін, алғашқы белгілерінің білінуі 10 күннен 1 жылдан артық уақытқа созылуы мүмкін. Яғни, ұзақтығы тістелген орынға байланысты.
Құтыру ауруының емі жоқ алайда алдын алуға болады.
Құтыру ауруын алдын алу үшін не істеу керек? Бұл сұраққа Түркістан қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының бөлім басшысы Раушан Қалдыбекова төмендегідей жауап береді.
– Құтыруды алдын алу мақсатында жануар тістегенінен, тырнағанынан және сілекейінен залал тартқан кісілердің барлығы құтыруға қарсы екпе курсын алу үшін тұрғылықты жері бойынша травмотологиялық пунктте медициналық көмек сұрау керек. Тістеген жарақатты ағынды сумен және сабынмен жуу керек, жарақат маңын йод тұндырмасымен залалсыздандыру қажет.
Әрбір адам адамды өлімнен құтқарудың жалғыз әдісі – жүйелі құтыруға қарсы екпе комплексін өткізу екенін білу қажет. Медициналық тәжірибеде іс жүзінде асқынуды туғызбайтын және жоғары дәрежелі иммунитетті қалыптастыратын құтыруға қарсы вакцина қолданылады. Құтыруға қарсы екпе тегін өткізіледі. Құтыруды шұғыл алдын алу кезінде вакцинация курсының аяқталуынан кейін ең кемі 6 ай бойы алкоголь қолдануға, ауыр дене еңбегімен айналысуға, қатты тоңып қалуға болмайды. Бұл ережелерді сақтамау иммунды жүйенің қызметін бұзады. Өз кезегінде бұл құтырудың дамуына және өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін.
Осылай деген ол жоғарыдағы сақтық шаралары адам өмірін өлімнен сақтап қалуы әбден мүмкін екенін баса айтты.
Сонымен қатар ол, құтырма ауруын болдырмау үшін мынадай сақтық шараларын сақтаған жөн екенін ескертеді.
Ит пен мысықты ұстау ережесін сақтау және де итті аулада байлаулы күйде бағу. Балаларға бөтен ит, мысықтарға жақындап ойнамауды түсіндіру. Үйдегі ит, мысық және ауылшаруашылық малдарына құтыруға қарсы екпе салдыру. Егер сіздің итіңізді бөтен жануарлар тістеп алған болса, оған жақындамауды назарда ұстаңыз. Және жануарларыңыздың мінез-құлқы өзгерсе, ветеринарлық дәрігерді шақыртуды қаперден шығармаңыз.