ТҮРКІСТАН: І ЖӘНЕ ІІ МӨЛТЕКАУДАНДАҒЫ ЕСКІ ЭЛЕКТР ЖЕЛІЛЕРДІҢ БӘРІ ЖАҢАСЫНА АУЫСТЫ
Түркістан қаласында І және ІІ мөлтекаудан бар. Бұл мөлтекаудандарда 70-тен аса көпқабатты үйлер орналасқан. Ол үйлерге тартылған электр желілерінің бәрі тозығы жетіп, жаңарту жұмыстарына сұранып тұрғаны қашан еді…
Түркістан қаласы облыс орталығы болған 2018 жылдан бастап бұл мәселеге назар аударылып, күн тәртібіне енгізілді. Бүгінде аталған мөлтекауданда жаңадан трансформаторлар құрылып, жерасты кабельдерінің бәрі түгел ауыстырылды. Көпқабатты үйлердегі әр пәтерге дейін тартылған электр желілерінің барлығы ауыстырылды.
Бұл туралы «Оңтүстік Жарық Транзит» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Түркістан бөлімшесінің басшысы Ғани Қойшиев мәлімдеді.
Өз кезегінде ол Түркістан қаласы облыс орталығы болғаннан бастап электр жабдықтары мен желілерді жаңғырту бойынша ауқымды жобалар іске асқанын атап өтті. Соның бірі ескі темір жол өткелінен бастап Қызылорда-Түркістан айналма жолына дейінгі жолда (Б. Майлин. Ә. Жангелдин көшелерін қамти отырып) бағандардың бәрі жаңартылған.
Бүгінде қаладағы орталық 11 көшедегі әуе желілері жерасты кабельдік желісіне ауыстырылып жатыр.
Қаланы ұздіксіз жарықпен қамту үшін «Баянауыл» мөлтекауданында бағанаар қойылып, СИП сымдары тартылған. Дәл осы бағыттағы жұмыстар «Бекзат» мөлтекауданында, «Оралман», «Тұран» елдімекендерінде және Шәуілдір тасжолы бойындағы елді мекендерде атқарылуда.
Сонымен қатар ол әлі де бағаналары ауыстыруды талап ететін, желілері ескірген аумақтар бар екенін тілге тиек етті. Және қала бойынша тозығы жеткен барлық бағындар, желілер мен тансформаторлардың бәрі 2027 жылға дейін ауыстырылып бітетінін жеткізді.