АШЫҚТЫҚ — ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ КЕПІЛІ

98
0

Соңғы уақытта Шымкент қаласында тұрғындардың талап-тілегі мен арыз-өтініші бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жанданып келеді. Соның бір жарқын мысалы ретінде әр ауданның белсенді азаматтары және билерімен өтетін кездесуді айтуға болады. Аудан әкімінің қатысуымен өтетін жиында атқарылып жатқан жұмыстар жайы баяндалады.

Осындай жиын Еңбекші ауданының тұрғындарымен өткен болатын. Онда аудан әкімі Д.Есілбек аудандағы Қоғамдық бақылау кеңесінің мүшелерінен және аудан тұрғындарынан шешімі табылмай жатқан 48 сұрақ келіп түскенін жеткізіп, ол бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды айтып өтті. «Қазіргі таңда 48 тапсырманың 9 тапсырмасы орындалды. 39 тапсырма жұмыс барысында. Оның ішінде 35 тапсырма жыл соңына дейін басқармалардың берген мәліметтеріне сәйкес толығымен орындалады. Қалған төрт тапсырма 2023 жылы толығымен орындалады деп жоспарлануда» деді аудан басшысы. Тарқата айтсақ, күні бүгінге дейін Қаратөбе аумағында орналасқан емханаларға тұрғындарды тіркеу жұмыстары жүрді. «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-мен Тоғыс тұрғын алабында орналасқан 2 трансформатор қоршалып, 7 электр бағанасы ауыстырылды. Мұнайбарлаушылар көшесінде орналасқан ойын алаңшасы жарықтандыруға қажетті 6 бағана орнатылды. Маятас тұрғын алабындағы Көлді көшесі бойына 7 дана, Елтай тұрғын алабындағы Найзатас көшесі бойына 6 дана, Жыланбұзған тұрғын алабындағы Қарақыстақ көшесі бойына 3 дана, Айнатас тұрғын алабындағы орталық Айнатас көшесі бойына 4 дана жол белгілері мен аялдама павильондары орнатылды. Бұдан бөлек, Қазығұрт аумағының дамуы туралы төлқұжаты әзірленіп, санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты бақылауға алынған. «НұрОлжа» мекемесі тарапынан аптасына 2 рет тиісті жұмыстар жүргізілуде. Базарқақпа, Абдуллабад және Тұрдыабад елдімекендеріндегі 3000 үйге бекітілген лимит шегінде ағын су берілуде. Елтай мен Тоғыс елді мекеніне 4G технологиясымен базалық станция орнатылып, сапалы интернетпен қамтылған. Қарабастау тұрғын алабының бүгінде толықтай сапалы электр жарығына қосылғанын да айта кету керек.