КӨГІЛДІР ОТЫНМЕН ҚАМТУ — КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙТІН МӘСЕЛЕ

65
0

Жыл басында шымкенттік тұрғындар көгілдір отын мәселесін көтеріп, әкімдікке жүгінген еді. Қыстың суығында отын түсірмей, газге қосыламыз деп сендік деген тұрғындар мәслихат депутаттары мен әкімнен әлденеше рет көмек те сұраған. Тиісті басқарма едел-жедел іске кірісіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді, жұмыс қарқынын да арттырды. Нәтижесінде талай тұрғынның толғақты мәселесіне айналған көгілдір отын кезең-кезеңімен, жоспардан бұрын аяқталып жатыр.

Соңғы көрсеткіштерге сенсек, Шымкент қаласы тұрғындарының 93 пайызы газбен қамтылған. Тағы да тарқатар болсақ, табиғи газбен шаһардағы 81 елді мекеннің 42-сі толық, ал 31 елді мекен жартылай қамтылған. Қалған қамтылмаған елдімекендерге газ тарту жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, 1 магистралдық және 10 елдімекенде ішкі орамдық газ құбырының  құрылысы жүруде. Жоспар сәтті аяқталса, қаланың 20 мың тұрғыны көгілдір отынға қосылып, қамту көрсеткіші 95 пайызға жуықтайды. Ал 2025 жылы мегаолис тұрғындары толықтай газбен қамтылмақ. Жуырда 2800-ден астам тұрғыны бар Тассайға көгілдір отын берді. Сайрам тұрғын алабының Тассай бөлімшесінде табиғи газ жүйелерінің құрылысы 2019 жылы толық аяқталған болатын. Газ  құбырының ұзындығы –7,507 км. Бұған дейін абоненттеу жұмыстары жүргізіліп, бүгін құжаттары дайын болған үйлерге газ қосылды.  Игі шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Берік Бекжанов, Берік Оспанов, Фахриддин Қаратаев, Мұратәлі Қалмұратов пен қоғам белсенділері қатысты. «Көріп тұрмыз, жолдар жөнделіп, лоток қойылыпты. Таза су да кірген екен, енді міне көгілдір отынға қол жетіп отыр. Қандай керемет! Шымкентіміз күннен күнге шырайланып, шалғай жатқан елді мекендердің сәні кіре бастаған. Игі істің артында қаншама еңбек жатыр. Пайдалануға берілген әрбір нысан игіліктеріңізге жарасын!» деді халық қалаулылары. Өз кезегінде жергілікті халық та билік өкілдеріне алғысын жаудырды.