ЖАҢАҚҰРЫЛЫС АУМАҚТАРЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛУДА

99
0
Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы Қаратөбе аумағында орналасқан Қарабастау тұрғын алабы таза ауызсумен қамтылмақ, деп хабарлайды Uakit.kz.
Қазіргі таңда, мердігер мекеме «Сарыағаш-Аман» ЖШС-і тарапынан Қаратөбе аумағында орналасқан Қарабастау тұрғын алабындағы 1590 абонетті қамтитын ауыз су құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жаңадан құбырлар тартылып, құдықшалар орнатылуда. Жоба құны 1,7 млрд.теңгені құрайды. Жұмыстар аяқталғаннан кейін, Жұлдыз тұрғын алабындағы 484 абонетті қамту жұмыстары жүргізілетін болады.
Аудан аумағындағы 35 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған. Ал, жаңақұрылыс аумақтарын 2023 жылы толық ауыз сумен қамту жоспарлануда.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес шалғай елді-мекендердегі тұрғын үй құрылысына берілген жаңақұрылыс жер учаскелерін ауыз сумен қамту мақсатында, Еңбекші ауданында 6 тұрғын алапта, атап айтсақ Қарабастау, Қаратөбе, Жұлдыз, Тоғыс, Жыланбұзған, Айнатас құрылыс жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Жұмыстар 2023 жылға өтпелі.
Айта кету керек, бүгінде Шымкент қаласындағы 81 елді-мекеннің 78-і сапалы ауыз сумен қамтамасыз етілген. Ал қалған 3 елді мекен ауыз суды кестемен тұтынуда. Олар, Құрсай, Сайрам, Қайнарбұлақ елді мекендері. Көрсеткішті арттыру мақсатында биыл барлығы 7 нысанда құрылыс жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Олар:  Құрсай 1,2 – кезек, Асар-2 екінші кезек, Текесу е/м, Қайнарбұлақ е/м, Еңбекші ауданының жаңақұрылыс аумақтары және Нұртас су жинақтағыш имараты. Қайнарбұлақ тұрғын алабында ауыз су жүйесін тарту құрылысы 2023 жылы толық аяқталатын болады.  2022 жылдың қорытындысымен  Құрсай,  Асар-2, Текесу елді мекендері мен Нұртас су жинақтағыш имаратының құрылыс жұмыстары аяқталады. Нәтижесінде, қала тұрғындарының сапалы ауыз сумен қамтылу көрсеткіші 98% –дан – 99%-ға өседі. Бекітілген жоспарға сәйкес, Шымкент қаласының тұрғындары 2023 жылы 100 пайыз сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.