ОТАНДЫҚ ӨНІМ — САПА КӨРСЕТКІШІ

91
0

Отандық өндірістің дамуы импортқа деген тәуелділікті төмендетеді. Өз кезегінде, мұның өзі бағаны бақылауға мүмкіндік береді. Осы орайда, елімізде өндіруші өнеркәсіпті дамыту ісіне айрықша көңіл бөлініп келе жатыр. Оның ішінде шағын және орта кәсіпті дамыту ісі қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Нәтиже де жоқ емес. Бір ғана Шымкент қаласында бірнеше индустриалды аймақтар жұмыс істеп келеді.

Соның бірі – «Оңтүстік» индустриалды аймағы. Индустриалды аймақтардың кәсіпкерлерге үлкен қолдау болып жатқаны белгілі. Осындай көмектің арқасында кәсібі дөңгелеп, азаматтарды жұмыспен қамтып отырған бизнес өкілдері жетерлік. Солардың бірі — «Best Home Kz» ЖШС. 2018 жылы жұмысын бастаған мекеме қазіргі таңда Шымкентпен қатар Түркістан мен Жамбыл облыстарында да шағын цехтарын ашып, лак-бояу өндірісінің дамуына тың серпін беріп келеді. Соңғы 10 айда жалпы көлемі 400 тоннадан астам өнім шығарған. Бүгінде «New Color» брендімен сулы-дисперсиялык бояу, акрилды бояу, лактар, акрилды желім, сәндік сылақтар нарыққа шығып жатыр. Өндіріс заманауи материалдық-техникалық база һәм құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сапалы тауарлар қазіргі таңда импорттық тауарларға бәсекелес болып, нарықтан өз орнын ойып тұрып алуда. Айта кету керек, мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Шымкентте ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік алаңдарды дамыту бағытында «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы да құрылуда. Жалпы 1500 жұмыс орнындық 23 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске аспақ. Бүгінгі таңда аумағы 133 гектарды құрайтын аймақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүруде. Қала әкімі аталмыш аймаққа арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысын тексерді. Мұнда қазір 15 шақырымдық суаққы жүргізу жұмыстарының 12 шақырымында аяқталған. Осы жылдың маусым айында ауыз су жүйесін тарту жұмысы басталған.19,3 шақырымды құрайтын электр желілері тартылуда. Индустриалды аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту толығымен 2023 жыл соңына дейін аяқталады. Жоспар жүзеге асса, ауыл шаруашылығы саласының дамуына да тың серпін бермек. Тың бастамалардың арқасында үшінші мегаполисте шағын және орта бизнес кең қанат жаюда. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп 10,1 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 11,1 пайызға, инвестиция 19,5 пайызға, ШОБ субъектілері 26,4 пайызға, бөлшек сауда 14,9 пайызға өскен.