ШЫМКЕНТТЕ САРБАЗДАР ЗИЯТКЕРЛІК ОЙЫН ӨТКІЗДІ
Шымкенттегі механикаландырылған бригадада алғашқы әскери дайындық курсынан өтіп жатқан шақырылушылар арасында «ең үздік сарбаз» зияткерлік байқауы өтті.
Өздерінің оқу взводтарының намысын қорғау үшін 5 қатысушыдан тұратын 4 команда бірнеше кезең барысында білімі мен эрудициясын пайдалана отырып, қазылар алқасы мен әріптестерінің алдында күрделі сұрақтарға тез жауап табу біліктілігін көрсетті. Жас сарбаздар жалпы әскери жарғылардың, жауынгерлік, саптық және мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтарынан өткен тақырыптары бойынша шеберлік көрсетті. Конкурсқа қатысушылар өз жауаптарымен әскери бөлімге келген сәттен бастап өткен барлық дәрістерді толық игерілгенін, ал офицерлер мен сержанттардың күш-жігері толығымен ақталғанын дәлелдеді.
Жас толым жиынының бастығы подполковник Ринат Калидолдин атап өткендей, сарбаздардың дұрыс уақыт өткізуі табысты және қауіпсіз қызметтің кепілі болып табылады, ал әскери өмірге байланысты интеллектуалды ойын сарбаздарға күнделікті сабақтарын басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Конкурстар арасында жас толымның өнерпаздар ұжымы музыкалық аспаптарда әр-түрлі күйлерді ойнап жиналған көпшілікті қуантты. Айта кетсек, күзгі шақыру науқаны аясында Шымкенттің механикаландырылған бригадасына Атырау, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласынан 130-дан астам азамат әскер қатарына шақырылды. Жуырда Шымкентте Қазақстанның Қарулы Күштері, басқа да әскерлері мен әскери құралымдары қатарына 150-ден астам шақырылушы аттанған болатын. Олар еліміздің шекарасында қызмет етуге аттанды. Шымкент қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің жинақ пунктінен Талдықорғанның десанттық-шабуылдау бригадасына алғашқы жөнелтілім жіберілді. Айта кету керек, жуырда мерзімді әскери борышын өтеген сарбаздарға жоғары оқу орындарында тегін оқу бастамасы көтерілген болатын. Бұл бастама қоғам тарапынан жылы қабылданды. Сәйкесінше, мұның өзі әскери борышын өтегісі келетін жастардың қатарын қалыңдатуға сеп болары сөзсіз.