ПРОБАЦИЯ ҚЫЗМЕТІНІҢ ЕСЕБІНДЕ ТҰРҒАНДАР ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫЛУДА

95
0

Шымкент қаласында пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Uakit.kz.
2021 жылдың 2022 жылға пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа орналастыру үшін жұмыс орындарына квота белгілеу жөнінде 2022 жылдың 19 шілдесінде қала әкімінің №1353 қаулысы шыққан болатын.
Осыған байланысты Шымкентте жәрмеңкеге қалалық халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан 190 жұмыс беруші мекеменің 500-ден астам бос жұмыс орны ұсынылды. Іс-шараға 50-ге жуық пробация қызметінің есебінде тұрғандар қатысып, кеңес алды. Сондай-ақ, жәрмеңкеде 13 азамат жұмысқа орналасуға жолдама берілді.
Бүгінгі шараның игілігін көргендердің бірі – Махаббат Нұржанова. Тігіп-пішуге икемі бар қала тұрғыны «JBK» тігін фабрикасына жұмысқа жіберілді.
«Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде мамандардан кеңес алып, «JBK» тігін фабрикасына жұмысқа жолдама алдым. Осындай қысқа уақытта жұмысқа орналасамын деп ойлаған жоқ едім. Адал еңбегіммен отбасымды асырауыма мүмкіндік алғаныма қуаныштымын. Ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін», -деді М.Нұржанова.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – сот үкімімен бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамту, оларды қоғамға бейімдеу.
Айта кету керек, пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар бойынша 11 кәсіпорында 54 адам жұмысқа орналасу жоспарланған. Бүгінгі күнге 9 кәсіпорынға 36 адам жұмысқа орналасты. Ал бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды 9 кәсіпорынға орналастыру үшін 52 жұмыс орнының квотасы бекітілген. Бүгінгі таңда 7 кәсіпорынға 30 адам Орталық арқылы тұрақты жұмысқа жолданды.