«Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы»
Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының 2012 жылы атқарған жұмысы туралы есеп беру кездесуінде облыс әкімі А.Мырзахметов өңірімізде кәмелет жасына толмағандар арасында қылмыстың белең алғанын сынға алып, жаңа басқармаға осы бағытта аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп тиісті жұмыстар атқаруды тапсырған болатын.
Облыс басшысының тапсырмасын орындау мақсатында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйымдастыруымен «Қылмыссыз болашақ» тақырыбында Түркістан және Кентау қалаларының жастарымен, жастар орталықтары мен құқық қорғау органдары өкілдерімен және ата-аналар комитеттері төрағаларымен, жас депутаттармен кездесулер өтіп, түнгі мезгілде аталған қалалардың жастар орталықтары және ішкі істер бөлімдері тарапынан жастардың көп шоғырланатын орындарына рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылды.Бүгінде Түркістан қаласында 14-29 аралығында 70 мыңнан астам жас бар. Соның ішінде 18-ге толмағандардың саны 25 мыңнан асады. Түркістанда 2012 жылы кәмелет жасына толмағандар тарапынан 62 қылмыс жасалса, 2011 жылы 64 қылмыс тіркелген. Қылмысқа бой алдырғандардың дені мектеп оқушылары және колледж студенттері. Яғни, 16-17 жастағы жасөспірімдер. Олар көбіне тонау, бұзақылық сияқты қылмыстарға барған. №21 кәсіптік колледжде өткен кездесуге 200-ге жуық жас қатысып, олар мінберге бірінен кейін бірі көтеріліп, жастарды қылмыс атаулыдан аулақ жүруге шақырып, қылмыскердің жазасы жеңіл болмайтындығын, түрменің адамды тәрбиелемейтіндігін түсіндіріп баққан үлкендердің сөздерін ұйып тыңдады. Әсіресе, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы өкілінің «Жастар, оның ішінде мектеп оқушыларының тәрбиесіне тікелей жауапты ата-анасы. Мектеп немесе колледж мұғалімдерінің міндеті — балаға білім беру. Ал, баланың білім ұясынан тыс жерде жасаған қылмысы үшін мұғалімді жауапқа тартуды тоқтату керек» деген пікірі көпшіліктің көңілінен шығып, тәрбие тізгінін бірінші кезекте ата-ананың қолына беру керектігін жеткізді. Ұлы ғұлама Әбу Насыр әл-Фарабидің «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деген қанатты сөзі бар. Жиында сондай-ақ, мектеп оқушыларының тәрбиесіне тікелей жауаптылардың бірі — мектеп инспекторларының мәселесі сөз болды. Мысалы, Түркістанда 36 мектепке бар-жоғы 18 инспектор қарастырылыпты. Бірақ, 18 инспектордың күндізгі мектепте оқитын 47 мыңнан астам оқушының тәрбиесіне жауап бере алмайтындығы белгілі жағдай.Кентауда 14-29 жас аралығында 24 мыңнан астам жас бар болса, олардың 3176-сы студенттер. Мектеп оқушыларының саны 4 мыңнан асып жығылады. Кенді қаланың жастарымен кездесу қаланың іргесіндегі №7 кәсіптік колледжде өтті. Аталған колледж бүгінде дәнекерлеуші, құбыр жөндеуші, аспаз, автомеханик сияқты мамандықтар бойынша жастарға білім беріп жатыр. 300-ге жуық жас қамтылған жиынға Кентау қаласы әкімінің орынбасары, қалалық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, қалалық прокуратура мен жұмыспен қамту, білім бөлімі өкілдері қатысып, жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алдын-алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Мәселен, Кентау қалалық прокуратурасы осыдан біраз уақыт бұрын сауалнама жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде, мектеп оқушылары арасында ақша жинау фактілерінің жиі орын алатындығын анықтаған. Сонымен қатар, кенді шаһарда кәмелет жасына толмаған қыздардың арасында жүкті болып қалу фактілерінің де жиі тіркелетіндігін жеткізді, прокуратура өкілі.
Дәурен ДҮЙСЕБАЕВ,
облыстық жастар саясаты мәселелері
басқармасының бөлім бастығы