ӨЗЕКТІ СҰРАҚҚА НАҚТЫ ЖАУАП
Ашықтықты қамтамасыз еті мақсатында бүгінде басқарма басшылары қоғамдық қабылдау ларды жиі өткізіп келеді. Сәйкесінше, салаға қатысты сауалы бар азаматтар аталған қоғамдық қабылдауға жазылып, көкейіндегі сұрақтарына жауап ала алады.
Қараша айының басында Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Арысбекқызы қоғамдық қабылдау өткізген болатын. Бекітілген кестеге сәйкес, жеке мәселесімен келген қырыққа жуық қала тұрғындары өз өтініштері мен ұсыныстарымен келіпті. Көкейді мазалаған сұрақтар қойылды, тұшымды жауаптар айтылды. Қырыққа жуық басқарма басшысы қабылдауына келген тұрғындардың басым бөлігі жұмыссыздық мәселесімен келген. Білім басқармасының басшысы жұмыссыздық мәселесі бүгінгі таңда электронды жүйе арқылы яғни, HR -PROCESS порталы арқылы іске асатынын айтып түсіндірді. Сондай-ақ, қабылдау барысында жекеменшік мектеп ашу, түрлі үйірмелер ашу жолдары, музыка мектебін ашу және өз жобаларын ұсынып келген жандарға Жанат Арысбекқызы мәселенің шешу жолдарын ұсынды.Жалпы, қабылдау барысында басқарма басшысы тұрғындардың арыз-шағымдары мен өтініштерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Олардың өтiнiштерiн мұқият тыңдаған бас ұстаз әрбір мәселенің заңдылығына сәйкес, оңтайлы шешiмiн табуы үшiн тиiстi жұмыстар жүргізілетіндігін жеткізді. Тұрғындар мәселесіне қатысты сала басшыларына тапсырмалар жүктеді. Айта кету керек, «HR-Process» жүйесі педогогикалық бос орынға өтініш беру және өңдеу барысын автоматтандыруға, үміткерлер мен бос орындардың деректер қорын құруға, сонымен қатар, заманауи ақпараттық технологияларды қолдану негізінде педагогикалық құрамды іріктеу процесінің тиімділігін арттыруға арналған. Педагогикалық құрамды іріктеуді автоматтандырудың мақсаты мен артықшылығы үміткерді таңдауда меритократия, жариялық және айқындық қағидаларын сақтауды назарға алады. Жүйе конкурстық әдіске негізделеді. Педагогикалық қызметке үздік кадрларды іріктеп алуға мүмкіндік береді. Жемқорлықтың алдын алады. Арнайы комиссия құрамына білім ұйымының директоры, пән мұғалімдері, психолог кіреді. Әлеуметтік желілерде конкурстық комиссия отырысының онлайн трансляциясы жүргізіледі. Конкурстың барлық нәтижелері сайтта ашық, қолжетімді шығарылады. Кадрларды іріктеудің ашық және объективті жүйесі – білім саласына үздік мамандарды тартудың кепілі.