ГАЗ ДАБЫЛҚАҚҚЫШТЫҢ ҚЫЗМЕТІН МАҚСАТТЫ ПАЙДАЛАНУ КЕРЕК

Түркістан қаласында тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігін сақтауды қамтамасыз ету бойынша түсіндіру жұмыстары жүруде. Бұл шара аясында өрт сөндірушілер, «ҚазТрансГазАймақ» қызметкерлері мен «Түркістан қалалық газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің мамандары үйлерді аралауда. Шара барысында  мамандар үй иелеріне өрт қауіпсіздігімен қатар, газ жабдығын пайдалану кезінде анықталған кемшіліктерді жою бойынша кеңестерін айтады.

Түсіндіру шарасына жұмылған «Түркістан қалалық газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің инспекторы Жанболат Тұяқбаевқа «Табиғи газды тұтыну бойынша  тұрғындар көбіне көп қандай кемшілікке жол береді?» деген uakit.kz-тің сұрағына төмендегіше жауап берді.

– Көбіне тұрғын үйлерде өрт оқиғаларының пайда болуына улы газдың ауаға таралуы себеп болып жатады. Оған қарсы шара ретінде көп отбасылар газ дабылқаққышты (газосигнализатор) орнатқанмен оны мақсатты пайдаланбайды. Яғни, құрылғыны электр қуатына қоспайды. Дабылқаққаштар жәй ғана қабырғада бекітілген күйі тұра береді. Өкінішке орай кейбір азаматтар оның қандай рөл атқаратынын білмейді. Өрттен қорғанатын қондырғы екенін біздер арқылы біліп жатқан абоненттер бар.

Осылай деген ол «Улы газдың дабылдатқышы ауаға улы газ тараған бойда тез дабыл қағып, белгі береді. Бұл абоненттердің газ жабдығы немесе газ жүйесіндегі ақауларды тез тауып, оны жедел түрде ретке келтіруіне көмек болады»,-деді.