ТҮРКІСТАНДА ТАБИҒИ ГАЗ АРҚЫЛЫ ЖЫЛЫНАТЫН АБОНЕНТТЕРДІҢ 30 ПАЙЫЗЫ ГАЗ ДАБЫЛҚАҚҚЫШЫН ОРНАТПАҒАН

Түркістан қаласында жылыту маусымы кезінде табиғи газ арқылы жылынып отырған 35 мыңнан астам абонент бар. Олардың 30 пайызға жуығында улы газды анықтайтын газ дабылқаққышы (газосигнализатор) орнатылмаған,-деп хабарлайды uakit.kz «Түркістан қаласы газ инспекциясы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне сілтеме жасап.

Аталған мекеме мамандары газ дабылқаққышын орнату туралы тұрғындарға ескерту жасауда.

Өз кезегінде uakit.kz оқырман назарына газ дабылқаққышын орнатудың артықшылығы туралы ашық ақпарат көздерінен алынған мәліметтер келтіреді.

Дабылдатқыш улы газ шыққанда дыбыс шығарып белгі береді. Құрылғыны пешпен жылытатын үйлерге орнатуға кеңес беріледі.

Естеріңізде  болса 2019 жылы 4 ақпанда Астанада бүтін бір отбасының бес баласы өрттен көз жұмған. Осы қайғылы оқиғадан кейін төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жер үйлерді аралап, улы газ дабылдатқыштарын орнатуды ұсынуды жүйелі жүргізіп келеді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға бұл құрылғы демеушілер арқылы немесе жергілікті бюджет есебінен сатып алынуда. Құрылғы адамдардың өмірін қорғауға мүмкіндік береді. Ол үйде газдың концентрациясы көбейген жағдайда дыбыс шығарып,белгі береді.

Құрылғы пешпен жылытылатын үйлердегі ауаның құрамында улы газдың бар-жоқтығын анықтайды. Егер үйде улы газдың концентрациясы белгіленген көлемнен асып түссе,құрылғы дыбыс шығарып, сигнал береді.

Улы газ көзге көрінбейді, иісі мен дәмі жоқ, алайда уынан адамдар уланып, көз жұмады. Пештің дұрыс қаланбаған мұржасынан шыққан иістен адамдар түнде уланып, ұйқыдан оянбай қалады. Сондықтан құтқарушылар үйді жылыту пештеріне, қазандыққа, газ плиталары мен колонкасына дабылдатқыш орнату керек деп кеңес береді.

Детекторды пешке, қазандыққа, газ плиталары мен колонкалар тұрған ғимаратқа орнатқан дұрыс. Егер үй үлкен болса, дабылдатқышты әрбір бөлмеге бір-бірден орнату қажет.

Егер түтін дабылдатқышын үйдің төбесіне орнатса, улы газдың детекторын ғимараттың қабырғасына бекітеді. Қондырғы бөлмелерде әр түрлі биіктікте орнатылады. Мысалы, ас бөлмесінде, дәлізде – еденнен шамамен 0,5-1,5 метр биіктікте, адамның тыныс алу жолдары деңгейіне сәйкестендіреді.  Қонақ бөлмесінде – диванда отырған адамның беті деңгейінде, жатын бөлмеде – шамамен жастықтың биіктігіне сәйкес жерге қойылады. Балалар бөлмесінде – жүріп-тұрған кездегі бала бойына сәйкестендіріп орнатылады.

Мамандар құрылғыны өндірушінің нұсқаулығына сәйкес орнатуға кеңес береді. Алайда, оны желдету жүйесі мен ауа өткізгіштерге жақын орналастыруға болмайды.

Көпқабатты үйлерде дабылдатқышты әр қабатқа бекіту керек. Мүмкіндік болса, әрбір жатын бөлмеге. Егер құрылғыны жуынатын бөлмеге қойса, ылғалды ғимараттарға орнатуға болатындығы туралы оның IP деген белгісі болуы тиіс.

Құрылғыны гаражда, ас бөлмесінде, қазандықта, жуынатын бөлмелерге және температурасы 10 градустан төмен және 40 градустан жоғары болатын басқа да бөлмелерге орнатпайды. Құрылғыны бояуға, ағартуға болмайды. Ең дұрысы, орнатқан жер тегіс болсын.

Орташа есеппен құрылғыны  5-7 жыл, алайда кейбір дүкендерден 3 жылға дейін жұмыс істейтіндерін де табуға болады. Қызмет көрсету мерзімі аяқталғанын құрылғының өзі дыбыс шығарып не жарық беріп хабарлайды. Кейбірінің экранында «End» деген жазу пайда болады.