ЖОЛ САПАСЫН АРТТЫРУ ІСІ БАСТЫ НАЗАРДА

92
0

Шымкентте жолдардың сапасын арттыру бағытында қыруар іс қолға алынып жатыр. Биыл қала орталығындағы көшелерге емес, орталықтан шалғайда жатқан шағынаудандар мен елді мекендердің жолдарын жөндеуге басымдық берілуде. Сонымен қатар айналма жолдардың құрылысы да қарқын алған. Мәселен, биыл «Оңтүстік» айналма жолының құрылысы жүргізілді. Айналма жолдың құрылысы Ленгір тас жолынан КХ-15 облыстық маңызы бар автожолына дейінгі аралықты қамтыды.

2021-2022 жылдарға жоспарланған жол құрылысының ұзындығы – 16 шақырым. Құрылысты «Корпорация Береке-А» мердігер мекемесі жүргізді. Айналма жолдың Шымкент-Ташкент тасжолында қиылысатын бөлігінде көпір салынып, жол жабынының жерді қысымдау жұмысы атқарылды. Құрылыс нысанының 6 учаскесінде жолдың негізін дайындау, қазу жұмыстары қолға алынып, жүзеге асырылды. Биыл жолайрық құрылысы, байланыс, электр, газ, сыртқы сумен қамту жүйелерінің орнын ауыстырылуда. Жобаға сәйкес 4 орыннан жауын суына арналған Д1000, Д1500 құбырлары орнатылды. 6 учаскеде 14 экскаватор, 45 самосвал, 8 каток, 5 грейдер, 1 бульдозер, 4 водовоз, 3 погрузщик, 1 бензовоз, жалпы саны 81 техника қызмет көрсетті. Айта кету керек, Шымкент қаласында алдағы жылдары қанағаттанарлық автомобиль жолдарының үлесі 80 пайызға артады. Бұл көрсеткішке жету үшін 2025 жылға дейінгі көлік инфрақұрылымын дамытудың кешенді жоспары бекітілген. Осының негізінде жалпы 563 жоба қарастырылған. Кешенді жоспар аясында биыл шаһарда 348 шақырым жол жөндеу жүргізіліп, жыл соңына дейін оның 271 шақырымнан астам жол пайдалануға беріледі. Қалған жолдың құрылысы келер жылға өтпелі. Жыл қорытындысымен қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 67,4 пайызға артады. Жалпы қала аумағында 187 нысанда жол жөндеу жұмыстары жүргізілсе, оның 164-де орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жол құрылысы саласында өткен жылы орталық көшелердің құрылысына басымдық берілсе, осы жылы ішкі орамдық көшелерді жөндеу қолға алынып отыр. Бүгінде құрылысы біткен жолдардың пайдалануға беріліп жатқанын да тілге тиек ете кеткен жөн.