ҚҰРЫЛЫС ЖҰМЫСТАРЫ ЖЫЛ СОҢЫНА ДЕЙІН АЯҚТАЛАДЫ

252
0

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов қалаға қарасты елді мекендер мен шағынаудандарға ат басын бұрып, өңірлерде атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсарын тексеріп келеді. Осы орайда, үшінші мегаполис басшысы Ұлағат шағынауданына барған еді. Міне, сонда жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды бақылап, тиісті тапсырмаларды да берген.

Қазір шағынаудан тұрғындарына кәріз жүйесін тарту мақсатында құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Ұзындығы 40,9 шақырым болған жүйе 2 248 абонентке лайықталған. Өткен жылы құрылысы басталған нысанды пайдалануға беру мерзімі 2022 жылдың қарашасына жоспарланып отыр. Құрылысты «Алемстрой-1» мердігер мекемесі жүзеге асыруда. Сонымен қатар, шағынаудан ауыз су, электр жарығы және табиғи газбен толық қамтылған. Аумақтағы жалпы 53 көшенің 31-і асфалбтталған. 2022-2025 жылдар аралығанда 11 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр. Биыл шағынаудандарға кәріз жүйесін жеткізу үшін 14 нысанда құрылыс жүріп жатыр. Оның 2-і магистралды кәріз коллекторы, біреуі кәріз сорғы станция (КНС) және 11 нысан елді мекендердің ішкі орамдық жүйесі. Жыл соңына дейін 6 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, Шымкент қаласының көшелерін түнгі жарықшамдармен қамтамасыз ету мақсатында – мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында 2022-2023 жылдары 208 көшеге жарықшам орнату жоспарлануда. Нәтижесінде қамтылу көрсеткіші 70 пайызға жетпек. 2021 жылдың қорытындысымен орталық маңызы бар 747 көшенің 356 көшесі жарықтандырылып, қамту көрсеткіші 43,4 пайызды құрады. Жоспар бойынша өткен жылы 104 көшені жарықтандыру қажет болса, жоспар артығымен орындалып, 136 көшеде жұмыстар толығымен аяқталды. Сонымен қатар биыл қаладан шалғайда жатқан шағынаудандар мен елді мекендерде жарықтандыру ісі қарқын алмақ. Сәйкесінше, аталған өңірлердегі өзекті мәселелердің бірі толықтай шешімін табады. Атқарылар бастамалар қолға алынған. Ал орындалған жұмыстың сапасын шаһар басшысының өзі арнайы тексеріп, тиісті тапсырмаларды беріп келе жатыр. Мақсат – жұмыстың жылдам әрі сапалы орындалуын қадағалау.