ШЫМКЕНТТІК «BAL TEKSTIL» ФАБРИКАСЫ IV ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДЫ КӨЗДЕП ОТЫР

92
0
Шымкенттегі «Bal Tekstil» серіктестігі құны 2,5 млрд. теңгенің жаңа жобасы жүзеге асырмақ, деп хабарлайды Uakit.kz.
Шымкент қаласындағы Орталық Азиядағы кілем шығаратын ең ірі фабрика «Bal Tekstil» серіктестігі биылғы қараша айында іске қосылатын IV жоба жүзеге асырылса, қосымша 40 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Қазіргі таңда кілем фабрикасында 230 жұмыс орны бар. 2022 жылдың басындағы мәлімет бойынша, жобаға құйылған инвестицияның жалпы құны 11,25 млрд теңгені құрайды.
Шымкенттегі «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан фабрика Қазақстандағы ірі кілем және кілем өнімдерінің өндіріс орны саналады. Кәсіпорын 2013 жылдың қазан айында іске қосылған. Ал 2015 жылы компанияда синтетикалық иірімжіпті өндіру бойынша II жоба іске қосылды. Қазіргі таңда өндіріс орнының қуаттылығы жылына 7 млн шаршы метр кілем бұйымдарын және 4 мың тонна синтетикалық иірілген жіпті құрайды.
Компанияның заманауи технологиясымен өндірілген өнімдері ел ішінде де, шетелге де экспортталуда, атап айтқанда Ресейде, Қырғызстанда және Тәжікстанда сұранысқа ие. Өндірістік қуатты ұлғайту мақсатында компания 2019 жылы кілем бұйымдарын өндіру жөніндегі III жобаны іске қосты, бұл өз кезегінде кілем өндірісінің көлемін жылына қосымша 2 млн шаршы метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.
Айта кету керек, қазіргі таңда «Bal Tekstil» серіктестігінің Қазақстан бойынша дистрибьюторлар саны 500-ге жуық. Кәсіпорын жылына 8 млн. шаршы метр кілем өнідіріп, 3 мың тонна жіп шығарады. Өнім полипропилен грануласынан жіп жасалады, әуелі ерітіледі, түрлі түске боялады, сосын талшыққа бөлінеді. Өнім өндіруде Бельгиялық инновациялық қондырғыларда қолданылып, Германия технологиясы тоқылады.
Айта кету керек, Шымкент қаласында 2022 жылдың 9 айдың қорытындысы бойынша 101 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс істейді (заңды тұлғалар – 19,1 мың бірлік, жеке тұлғалар – 77,5 мың бірлік, шаруа қожалықтары – 4,3 мың бірлік), өткен жылдың сәйкес кезеңіне бұл көрсеткіш 39%-ға өсім көрсетті. Шағын және орта кәсіпкерлікте жұмыспен қамтылғандар саны 179,9 мың адам жетіп, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 11,4%-ға өскен. Өндірілген өнім көлемі бойынша 2022 жылдың 1-тоқсанында 317,3 млрд. теңгені құрап, 2021 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30,1%-ға артқан. 2022 жылдың қаңтар-наурызда шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 36,2%-ды құрады.