ҮЗДІК БАҚ ӨКІЛДЕРІ МАРАПАТТАЛДЫ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні мерекесіне орай журналистермен кездесіп, кәсіби мерекесімен құттықтады.
Шаһар басшысы қоғаммен кері байланыс орнатудағы БАҚ-тың рөліне тоқталып, журналистердің қаланың дамуына қосқан үлесін жоғары бағалады.
—Билік пен халықтың арасын байланыстырып, біздің назарымыздан тыс қалып жатқан өзекті мәселелерді көтеріп, олардың оң шешімін табуына үлес қосып келесіздер. Инвесторлар бір қалаға қаржы салу туралы шешім қабылдайтын кезде ол қала туралы БАҚ-та не жазылып жатқанына қарайды. Журналистер шаһардың оң имиджін қалыптастырса, инвесторлардың да сенімі артады. Биыл Шымкент қаласының экономикасына 721 миллиард инвестиция құйылып жатыр. Демек, ақпараттандыру жұмысын дұрыс жүргізу арқылы Сіздер де қаламыздағы инвестициялық ахуалдың жақсаруына үлес қосып келесіздер, — деді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Айта кетейік, атаулы мерекеде өңіріміздегі бірқатар журналистер Шымкент қаласы әкімінің арнайы номинацияларымен марапатталды.
«Үздік мерзімді басылым» номинациясы — «Өзге пікір» ақпараттық-сараптамалық, құқықтық апталық газетіне берілді. Газеттің бас редакторы Молдабек Шадияр Мекенбайұлы.
«Үздік мерзімді басылым тілшісі» номинациясы – «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі Құлжанов Айдар Сайлауұлына тапсырылды.
Ал, «Үздік телебағдарлама» номинациясымен «Айғақ» телеарнасының «Саяхат сұқбат» телебағдарламасы марапатталды. Жоба жетекшісі Наушабаева Ұлжан Қасымжанқызы.
Сондай-ақ, «Үздік теле жүргізуші» номинациясына «Оңтүстік» телеарнасының тілшісі Сарман Лаура лайық деп танылды.
«Үздік ақпараттық портал» номинациясы – «Ара 24» ақпараттық порталына беріледі. Шеф-редакторы Әмірбек Батырхан Ерсұлтанұлы.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырушы» номинациясы – «Хабар» телеарнасының меншікті тілшісі Попкова Екатерина Владимировнаға тапсырылды.
«Үздік ақпарат таратушы» номинациясы – «Элитар» ақпараттық порталынан Турсуметова Саидаға беріледі.
«Жаңалықтар жаршысы» номинациясына – «Отырар» телеарнасының тілшісі Усупалиева Көркем лайық деп танылды.
Ал, «Қайырымды тілші» номинациясы – «Қазақстан» ұлттық арнасының меншікті тілшісі Қалмахан Ғани Беркінұлына берілсе, «Обьектив» номинациясымен «Хан тв» телеарнасының операторы Семенов Антон марапатталды.
Мұнан бөлек «Қазақстанның құрметті журналисті» атағы – Ералы Сенбек Құттыбайұлына берілді.