ИГІ БАСТАМА ЖЕМІСІН БЕРУДЕ

90
0

Бүгінгі өскелең ұрпақ – ертеңгі елдің тізгінұстары. Сондықтан жастардың жан-жақты дамуына барлық жағдайлар жасалып келе жатыр. Мәселен, Шымкент қаласында өскелең ұрпақты салауатты өмір салтына баулу мақсатында балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары көптеп салынып жатыр. Ағымдағы жылы сондай нысандар Құрсай шағынауданында пайдалануға берілді.

Осы орайда, атқарылған жұмыстардың сапасын тексеру мақсатында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Құрсай шағынауданында орналасқан балалар ойын алаңшасының құрылысымен танысты. Шаһар басшысы Қарнақ көшесінде орналасқан ойын алаңшасында болды. Бұл жердегі балалар алаңы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында, тұрғындардың ұсынысымен салынған. Мұнда балалар алаңынан бөлек демалуға арналған бастырма (беседка), орындықтар, қоқыс жәшіктері және ойын элементтері қойылған. Алаңша тұрғындар серуендеуге және дене шынықтырумен айналысуға мүмкіндік береді. Спорт элементтерімен бірге, балаларға да арналған құрылғылар орнатылған. Жоғарыда аталған алаңшалардағы ойын және спорт құрылғылары Шымкент қаласында өндірілген. Абай ауданында биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында 17 ауланы абаттандыру және 10 спрот алаңшасын салу жұмыстары жүргізілуде. Қазір барлық аумақтағы құрылыстың 85 пайызы аяқталып, жуырда ел игілігіне беріледі. Айта кету керек, ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасының үлесі жыл сайын артып келеді. Мәселен Әл-Фараби ауданында 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы халық қатысатын бюджет үлесі 4 есеге артқан. Ауданды өткен жылы 14 үйдің ауласы абаттандырылған болса, биыл 59 жобаға қаржы бөлінді. 50 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 9 ашық спорт алаңшасы салынбақ. Бұл жұмыстарды тұрғындар дауыс беру арқылы таңдаған болатын. 2023 жылы 32 балалар ойын алаңшасы орнатылып, 7 ашық спорт алаңшасы салынса, 100 пайыздық меже орындалады. Жоба аясында аумақты көгалдандыру, тротуарларды жайластыру, пандустар қою, арықтар салу және жөндеу, қоқыс тастайтын жерлерді жою, ортақ пайдалану орындарын құру, жөндеу және жарықтандыру, ойын және жаттығу алаңдарын құру, онда жабдықтар орнату секілді жұмыстар жасалады.