ОЛИМПИАДАЛЫҚ РЕЗЕРВКЕ ДАЙЫНДАЙТЫН СПОРТ МЕКТЕБІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТТІ
Шымкентте балалар-жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бүгін қала әкімінің аппарат басшысы Ғ. Мәуленқұлов, Ләззат Тәжиева атындағы №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде болып, ағымдағы жөндеу жұмыстарын тексерді. Ләззат Тәжиева атындағы №4 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары басталған болатын. Жөндеу жұмыстары биыл шілде айында басталып, толығымен аяқталды.
Жөндеу жұмыстары кезінде 5800м2 құрайтын ғимараттың іші-сырты толығымен әрлеп-сырланды. Спортшылардың киім ауыстыру, дәретхана және жуыну бөлмелеріндегі кафельдер ауыстырылды. Спорт алаңшасына жұмсақ резеңке төселіп, терезе мен есіктері толықтай жаңартылды. Сыртқы жарық шамдары, жылу, кәріз жүйелері де ауыстырылды.
Бұл туралы, қала басшылығының аралауы барысында, мектеп директоры Джаксыкулов Бахытжан баяндады. Спорт мектебі Шымкент қаласы, Еңбекші ауданы, 262-квартал, 405/406 учаскісінде орналасқан.
Айта кету керек, Шымкент қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше 2022 жылдың 9 айында өткізілген іс-шараларға тоқталып өтсек, әр түрлі жас ерекшеліктері арасында спорт түрлері бойынша 29 қала чемпионаттары өткізілді. Өткізілген чемпионаттарға барлығы 4350 спортшы қатысты. Қаламызда спорт түрлерінен 29 Қазақстан Республикасының чемпионаттары және 9 республикалық жарыстар өтті. Аталған іс-шараларға Қазақстанның барлық өңірлерінен 13800-ге жуық спортшылар мен жаттықтырушылар қатысты. Жалпы қалада дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданатын азаматтар саны 402 544 адамды немесе қала тұрғындарының жалпы санының 36,2 пайызын құрайды.