ШЫМКЕНТТЕ «1 ТҰРҒЫН-1 ДАУЫС» ТӘРТІБІМЕН ӨТКЕН ЖОБА ӨЗ НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

96
0
Шымкент қаласында «1 тұрғын-1 дауыс» тәртібімен “Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында ашық дауыс берілді, деп хабарлайды Uakit.kz.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың “Халық үніне құлақ асатын мемлекет” тұжырымдамасы аясында, қаламызда 2021 жылдан бастап көпқабатты үйлер ауласын абаттандыру және балалар ойын алаңшасын орнату жұмыстары “Халық қатысатын бюджет” жобасы аясында іске асырылуда. Бүгінде ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған «Халық қатысатын бюджет» жобасы кең танымалдыққа ие болып келеді.
Бүгінгі таңда Еңбекші ауданы аумағында ағымдағы жылы аталған жоба 2-кезеңмен іске асырылуда. І-кезеңде 37 жоба бойынша 52 көпқабатты үй аулаларын абаттандырылып, жеке секторда 6 балалар ойын алаңшасы орнатылды. ІІ-кезең бойынша 12 жоба іске асып, 21 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылды.
Жалпы Еңбекші ауданы бойынша 630 көпқабатты тұрғын үй 435 аулаға біріктірілді. Ауданда 2011-2020 жылдар аралығында кезең-кезеңімен 565 үйдің 373 ауласы көгалдандырылған. Биылғы жылы бағдарлама аясында 73 көпқабатты үйдің ауласы абаттандырылды. Сонымен қатар жеке секторда 6 кешенді балалар алаңшасы құрылды. Бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 1,8 есеге өскен.
Айта кету керек, «Халық қатысатын бюджет» жобасы келесі тәртіп бойынша жүзеге асырылады: веб-порталда идеялар конкурсы өткізіліп, нақты сол ауданның барлық тұрғыны аудандық әкімдікке өздері маңызды деп тапқан жобаны жүзеге асыруды ұсынады. Келіп түскен өтінімдер талданып, кейін ол бойынша «1 тұрғын-1 дауыс» тәртібімен ашық дауыс беру жүргізіледі. Дауыс берудің нәтижесі бойынша сарапшылық қауымдастық жобаларды қаржыландыру кезегін белгілейді. Аудандық әкімдіктің сайтында тұрғындардың қандай жобаға қалай дауыс бергенін көруге болады.