ҚАРАТАУДА ЖҮЗЕГЕ АСҚАН ЖҮЙЕЛІ ЖҰМЫС КӨП
Шымкент қаласына қарасты аудандардың даму қарқыны артқан. Оның ішінде Қаратау ауданында атқарылған жұмыстар көп. Сәйкесінше, қала әкімі Мұрат Әйтеновтың өзі әр ауданның тұрғындарымен кездесуінде қолға алынған жүйелі жұмыстар турасында тарқата айтып, есебін беріп келеді. Өз кезегінде, тұрғындар тарапынан айтылған талап-арыздар бойынша хаттамалар толтырылып, мәселелердің шешілуі бағытында да қыруар іс тынуда.
Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы жалпы ағымдағы жылдың І жартыжылдығында қала әкімі шағынаудардар мен елді мекендерді аралау барысында тұрғындардың 874 ұсыныс-пікірін тыңдаған. Бүгінде көтерілген мәселелердің 374-і шешімін тапса, 336-ы орындалып жатыр. Қаладағы инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары әрі қарай жалғасады. Өз сөзінде шаһар басшысы «Тұрғындардың ең көп көтеретін мәселесі — инфрақұрылым. Даму жоспарына сәйкес, бұл бағытта жұмыстар кезең-кезеңімен атқарылуда. 2023 жылы ауыз су, 2025 жылы электр жарығы, табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары толық шешімін табады. Кәріз жүйесімен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетпек» деген болатын тұрғындармен кездесу барысында. Қаратау ауданының 265 мыңнан аса тұрғыны бар. Аудан әрі қарай кеңейіп, халық саны саны артуда. Аудан әкімі Рахымберді Мүлкеманов жыл сайын аудан тұрғындары 15-20 мыңға көбейіп жатқанын айтты. Ал жалпы үшінші мегаполистегі құрылыс жұмыстарының тең жартысынан астамы Қаратауда жүргізілуде. Жиында азаматтар жалпы инфрақұрылыммен қамту, жерді заңдастыру, қоғамдық көлік және аулаларды абаттандыру, көшелерге ат беру, тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту сынды мәселелерін айтты. Айтылған ұсыныс-тілектер бойынша қала әкімі тиісті сала басқармаларына тапсырмалар жүктеді. Жалпы Қаратау ауданында атқарылған шаруа қыруар. Жұмыстар болашақта да жалғаса бермек. Бүгінде «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша көптеген іс атқарылып жатыр. Аулалар абаттандырылуда. Көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына балалар ойын алаңшалары мен спорт алаңшалары салынып жатыр. Мұның өзі тұрғындар тарапынан жылы қабылдануда. Қала берді, бұқаралық спорттың дамуына да тың серпін беріп келеді.