ЖҰМЫС ОРЫНДАРЫ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ТАЛАПТАРЫНА СӘЙКЕС БОЛУЫ ҚАЖЕТ

91
0
Бүгінгі брифингте Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов жұмыс берушілер жұмыс орындарының еңбек қауіпсіздігі талаптарына сәйкес болуын қамтамасыз етулері қажет екендігін нақтылап айтты, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бұл ретте жұмыскер де өз тарапынан еңбек шартында көрсетілген қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс екендігін де ескертіп өтті.
Жұмыс орындарының еңбек қауіпсіздігі талаптары:
— Жұмыс орындары орналасқан ғимараттар (құрылыстар) құрылысы жағынан өздерінің функционалдық мақсатына және еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарына сәйкес болуға;
— Жұмыс жабдығы осы жабдық түрі үшін белгіленген қауіпсіздік нормаларына сәйкес келуге, онда тиісті техникалық паспорттары (сертификат), ескерту белгілері болуға және жұмыскерлердің жұмыс орындарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қоршаулармен немесе қорғау құрылғыларымен қамтамасыз етілуге;
— Авариялық жолдар мен жұмыскерлердің үй-жайдан шығатын жолдар белгіленуге, бос болуға және ашық ауаға не қауіпсіз аймаққа шығаруға;
— Қауіпті аймақтар нақты белгіленуге тиіс. Егер жұмыс орындары жұмыстың сипатына қарай жұмыскерге қауіп-қатер төндіретін қауіпті аймақтарда болса, онда мұндай орындар бұл аймақтарға бөгде адамдардың кіруін бөгейтін құрылғыларымен жабдықталуға;
Жаяу жүргіншілер мен технологиялық көлік құралдары ұйымның аумағында қауіпсіз жағдайларда жүріп-тұруға;
— Жұмыс орындары орналасқан үй-жайдағы температура, жарық, сондай-ақ желдеткіш жұмыс уақыты кезінде санитариялық-эпидемиологиялықталаптарға сәйкес болуға;
— Жазатайым оқиға кезінде зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету және қажет болған кезде оны денсаулық сақтау ұйымына жеткізуді ұйымдастыруға;
— Зардап шеккен адамның жақын туыстарын жазатайым оқиға туралы дереу хабардар ету тиісті мемлекеттік органдарға хабар жеткізуге міндетті.
Сонымен қатар, жұмыс берушілер өндірістік жарақаттардың алдын алу шараларын да іске асырулары тиіс.
Өндірістік жарақат дегеніміз — жұмыскердің еңбек міндеттерін орындау кезінде алған, оның еңбекке қабілеттіліктен айырылуына әкеп соққан денсаулығының зақымдануы болып табылады.
Ол үшін жұмыс берушілер:
— жұмыскерлерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, оларға нұсқау беруді және жарты жылда кемінде бір рет білімдерін тексеруді өткізуге, сондай-ақ меншікті қаражаты есебінен өндірістік процесс пен жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі құжаттармен қамтамасыз етуге;
— жұмыскерлерге қажетті санитариялық-гигиеналық жағдайлар жасауға, оларды арнайы киімдермен, жеке және ұжымдық қорғаныш құралдарымен, қажетті жабдықтармен, аспаптармен, техникалық құжаттамалармен қамтамасыз етуге;
— егер жұмысты жалғастыру жұмыскердің және өзге адамдардың өміріне, денсаулығына қауіп төндіретін болса, жұмысты тоқтатуға;
— жұмыскерге зиянды және қауіпті еңбек жағдайлары мен кәсіптік аурудың болу мүмкіндігі туралы ескертуге міндетті.
Жалпы жұмыс орындарының қауіпсіздік талаптары және жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау жұмыскердің қауіпсіз жұмыс атқаруына, оның өмірі мен денсаулығына зиян келтірмейтіндей қауіпсіз, жазатайым оқиғалардың орын алуына жол бермейтін жағдайда болуы керек.
Себебі, әрбір жұмыскер өз отбасының асыраушысы болып табылатындықтан, жазатайым оқиға салдарынан оның өмірі мен денсаулығына зиян келтірілуі бүкіл бір отбасының әлеуметтік және экономикалық жағдайының нашарлауына алып келеді.
Сол себепті, жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын сақтау ең маңызды іс болып табылады.
Ел Конституциясына сәйкес, мемлекеттің ең қымбат қазынасы адам және оның өмірі болса, жұмыскерлер экономиканың негізгі қозғаушы күші болып табылады.
Ал, сол жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігінің сақталуы жұмыс өнімділігінің және тиімділігінің кепілі болады.