ЕҢБЕК КОДЕКСІНДЕ ЕҢБЕК ҚАУІПСІЗДІГІ ЖӘНЕ ЕҢБЕКТІ ҚОРҒАУ БОЙЫНША ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ ДЕ ҚҰҚЫҚТАРЫ АЙҚЫНДАЛҒАН
Еңбек кодексінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша жұмыс берушілердің міндеттерінен бөлек жұмыскерлердің де құқықтары айқындалған, деп хабарлайды Uakit.kz.
Бұл туралы баспасөз брифингінде Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов айтты.
Жұмыскерлердің құқықтары:
— жұмыс берушіден еңбек, ұжымдық шарттардың, келісімдердің, жұмыс беруші актілерінің талаптарын орындауды талап етуге;
— еңбек қауіпсіздігіне және еңбекті қорғауға;
— еңбек, ұжымдық шарттардың талаптарына сәйкес уақтылы және толық көлемде жалақы төленуіне;
— бос тұрып қалғаны үшін осы Кодекске сәйкес ақы төленуіне;
тынығуға, оның ішінде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына;
— еңбек (қызметтік) міндеттерін орындауға байланысты денсаулығына келтірілген зиянды өтетуге;
— міндетті әлеуметтік сақтандырылуға;
— еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде жазатайым оқиғалардан сақтандырылуға;
— кепілдіктерге және өтемақы төлемдерін алуға;
— еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес жабдықталған жұмыс орнымен қамтамасыз етілуге;
— жұмыс беруші жұмыскерді жеке және (немесе) ұжымдық қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпеген жағдайда және денсаулығына немесе өміріне қатер төндіретін ахуал туындаған кезде бұл жөнінде тікелей басшысына немесе жұмыс берушіге жазбаша түрде хабарлай отырып, жұмысты орындаудан бас тартуға;
— еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптарға сәйкес келмеуіне байланысты ұйымның жұмысы тоқтатыла тұрған уақытта жалақысының сақталуына құқығы бар.
Бұдан бөлек, басқарма басшысы еңбек шартында көрсетілген қауіпсіздік талаптарының сақталуы жайында, сондай-ақ «Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі жұмыс беруші мен жұмыскерлердің құқықтары мен міндеттері олардың арасында түзілетін ең негізгі құжат – еңбек шартында айқындалуы тиіс екенін жеткізді.