ШЫМКЕНТ: ЕҢБЕК ШАРТЫ – ЖҰМЫС БЕРУШІ МЕН ЖҰМЫСКЕРЛЕРДІҢ АРАСЫНДА ТҮЗІЛЕТІН ЕҢ НЕГІЗГІ ҚҰЖАТ

83
0
Бұл туралы бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен брифингте Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов айтты, деп хабарлайды Uakit.kz.
«Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі жұмыс беруші мен жұмыскерлердің құқықтары мен міндеттері олардың арасында түзілетін ең негізгі құжат – еңбек шартында айқындалуы тиіс. Себебі, еңбек шартын жасау арқылы жұмыскердің:
— нақты айлық жалақысы белгіленеді;
— жұмыс істеген уақытына сәйкес еңбек өтілі есептеледі;
— зейнетақы қорына аударымдар жүргізіледі;
— міндетті медициналық сақтандыру төлемдері жүргізіледі;
— әлеуметтік қорғалған жұмыскер ретінде жұмыс атқарады және кепілдіктерге құқығы болады.
Сол себепті, жұмыс берушілерді де, жұмыскерлерді де еңбек қатынастарын еңбек шартын түзуден бастауға шақырамыз»,-деді басқарма басшысы Бауыржан Ахметәліұлы.
2022 жылдың 10 айында басқармаға жалпы 316 арыз-шағымдар келіп түскен болса, оның ішінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша арыздардың саны 9-ды құраған. Яғни, еңбек қауіпсіздігі бойынша арыздардың түсуі жалпы көрсеткіштің 2,8%-ын ғана құрайды. Орын алған жазатайым оқиғалар бойынша мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы тарапынан арнайы тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп, барлық жинақталған іс-құжаттар тиісті полиция органдарына жолданған.
Спикердің сөзінше, соңғы мәліметтерге сәйкес, қаламызда міндетті сақтандыру шартын жасауы тиіс 7 558 кәсіпорын бар болатын болса, бүгінгі күнге олардың тек 2 128-і ғана өз қызметкерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандырған. Бұл жалпы көрсеткіштің 28,2%-ын ғана құрайды. Яғни, қазіргі күнге 5 430 кәсіпорын өз қызметкерлерін жазатайым оқиғалардан сақтандырмаған. Бұл бағытты басқарма тарапынан тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.