МАТЕРИАЛДЫҚ-ТЕХНИКАЛЫҚ БАЗАНЫ ЖАҢАРТУ ҮЛЕСІ 32%-ДАН 72%-ҒА ДЕЙІН АРТТЫ

93
0

Үшінші мегаполисте білім саласында бірқатар игі бастамалар жүзеге асып келеді. Мәселен, орын тапшылығын шешу мақсатында қосымша оқу ғимараттарын салу бастамасы сәтті жүзеге асуда. Бұдан бөлек, салада жасалған жемісті жұмыстардың арқасында шымкенттік оқушылар түрлі халықаралық байқауларда оза шауып, жеңімпаз атануда. Осы орайда, бүгінгі материалымызда салада атқарылып жатқан жұмыстар жайын тарқата жазуды жөн санап отырмыз.

Мегаполисте биылғы жаңа оқу жылында 871-ге жуық білім беру ұйымдары 440 мыңға жуық тәрбиеленушілермен оқу жылын бастап отыр. Оның ішінде 577-сі мектепке дейінгі білім беру ұйымдары, 223-і мектептер, 38-і колледждер, 11 мектептен тыс білім беру ұйымдары және 9 арнайы мектеп интернаттары. Биыл «Балалар жылы» деп жариялауына байланысты бюджеттен 44,6 млрд. теңге қаржы бағытталып, бастауыш сынып оқушылары 100% тегін ыстық тамақпен, білім беру ұйымдары оқушылардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау жүйесімен, дабыл батырмасы, турникеттер және І-дәрежелі мамандандырылған күзетпен толығымен қамтылды. Ал материалдық-техникалық базаны жаңарту үлесі 32%-дан 72%-ға дейін артты. Оқушыларды қосымша біліммен қамту, спорт және мәдениет салалары алғаш рет жан басына қаржыландыру жүйесі арқылы балаларды қосымша біліммен қамту жобасы бойынша үлес бір жылда 49%-дан 76%-ға дейін өсті. Бұл көрсеткішті 2023 жылы 85%, 2025 жылға дейін 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр. 2022-2023 оқу жылында бір ауысымдағы 45 мектепте 13 963 оқушы, екі ауысымдағы 173 мектепте 213 762 оқушы, ал үш ауысымда 5 мектепте 14 800 оқушы білім алуда. «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы аясында Қазақстан халқына арнаған Мемлекет басшысының Жолдаудағы «Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету» мәселесі бойынша екі және алты жас аралығында қамту көрсеткіші – 89%, үш пен алты жас – 100%-ға орындалды. 2025 жылға дейін 105 балабақшаны іске қосу арқылы қажеттілікті түпкілікті шешу жоспарда бар. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 32 мектеп салу жоспарланып отыр. Соңғы екі жылда жеке инвесторлар жан басына қаржыландыру есебінен 50 мектеп 21 300 орынмен толықты. Алдағы уақытта тағы да 25 мектеп салуға ұсыныстарын білдіруде. Нәтижесінде, үш ауысымда білім беретін мектептер мәселесін 2023 жылы, ал сынып толымдылығы жоғары (дефицит) мектептер мәселесі 2025 жылы толығымен шешілетін болады деп күтілуде. Қаланың 88 жалпы білім беретін мектебінде 829 бала инклюзивті білім алады, сондай-ақ 7 жалпы білім беретін мектепте 60 арнайы сыныптарда 499 оқушы оқиды.