ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ МҰРАТ ӘЙТЕНОВ ҚЫЗМЕТІНЕ ҚАЙТА ТАҒАЙЫНДАЛДЫ

92
0
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Мұрат Әйтенов Шымкент қаласының әкімі лауазымына қайта тағайындалды, деп хабарлайды Uakit.kz.
Жиында ҚР Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин Конституцияның жаңа нормаларына сәйкес өңір әкімдерін тағайындаудың өзгертілген тәртібі енгізілгенін атап өтті.
Осыған орай, Мемлекет басшысы қалалық мәслихат қарауына 2 қандидатты ұсынды. Депутаттар өз таңдауын жасап, қала әкімі лауазымының кандидатурасына келісімін берді.
«Мемлекет басшысының бастамаларын қолдағандарыңыз үшін алғыс айтамын. Қала әкімі болып қайта тағайындалған Мұрат Дүйсенбекұлына Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыруда табыс тілеймін. Сіз халық пен Президенттің сенімін ақтауға барлық білім мен тәжірибеңізді жұмсайсыз деп білеміз. Өз еңбегіңіз арқылы Шымкент қаласының өркендеуі мен дамуына үлкен үлес қосатыныңызға сенімдіміз», – деді ҚР Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин.
Өз кезегінде М.Әйтенов сенім білдіріп, ары қарай да жұмыс атқаруға мүмкіндік берген Президент Қ.Тоқаевқа және халық қалаулыларына алғысын жеткізді.
«Үлкен жауапкершілік жүктеп отырсыздар. Үміт пен сенімдеріңізді ақтауға тырысамын. Шымкенттің дамуында білімім мен күш-жігерімді барынша жұмсай отырып, өздеріңізбен бірлесе жұмысты ары қарай да жалғастыратын боламыз», – деді ол.
Қызметіне қайта кіріскен Мұрат Әйтеновке халық қалаулылары шымкенттік тұрғындардың сенімін ақтаған басшы деп баға берді.
Айта кету керек, Мұрат Әйтенов Шымкент қаласының әкімі лауазымын 2020 жылдың 21 қаңтарынан бері табысты атқарып келеді. Ол басшылық еткен кезеңде Шымкент қаласының бюджеті бірнеше есе өсіп, инвестициялық ахуал жақсарды және инфрақұрылым, өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, құрылыс салалары қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, осы уақыт аралығында шаһардың инвестициялық ахуалын жақсарту бойынша атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қала экономикасына 1,5 триллион теңге инвестиция тартылды. Оның 80 пайызы жеке инвесторлардың үлесінде.
Инвестиция көлемінің артуы есебінен қала бюджетінің көлемі 4 еседей артып, 600 миллиард теңгеге жуықтады. Оның ішінде бюджеттің өзіндік кірістері 251 миллиард теңгені құрап отыр. Шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 70 мыңнан 104 мыңға дейін көбейіп, бұл сала қаланың жалпы ішкі өніміннің 41 пайыз құрап отыр.