КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ШАРАЛАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ
Үшінші мегаполисте арнайы экономикалық аймақтар өңірде өндірілетін отандық өнімнің дамуына айрықша ықпал етіп жатыр. Осы орайда, аталған арнайы экономикалық аймақ әлеуетін кәсіпкерлерге таныстыру арқылы қаржы құюына ықпал ету жұмыстары да қарқын алған.
«Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы бастапқыда тек жеңіл өнеркәсіп секторында жұмыс істейтін компанияларға ғана арнап ашылған еді. Кейіннен Шымкенттегі өнеркәсіптің даму қарқынына қарай мұндағы өндірістік бағыттардың спекторы кеңейтілді. Атап айтқанда, мұнда ендігі жерде құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар, жиһаз шығарушылар, фармацевтика, машина жасау және химия өнеркәсібі салаларындағы компаниялар да қызмет атқара алады. Қазіргі таңда бұл экономикалық аймақтың аумағы 100 пайызға толған. Мұндағы кәсіпорныдардың өндіріп отырған өнімдері сапасы жағынан бәсекеге қабілетті әрі елімізге қана емес шет елдерге де экспортталып отыр. Арнайы экономикалық аймақтың осы және өзге де жетістіктерімен жақында «HILL Corporation» компаниясының өкілдері танысып қайтты. Аталған кәсіпорынның негізгі мақсаты — бірлесіп бизнес жүргізу. Яғни компания «Оңтүстік» АЭА аумағында майлау материалдарын өндіру бойынша жобаны іске асыруды жоспарлап отыр. Кездесу барысында қонақтар «Оңтүстік» АЭА преференцияларымен және шарттарымен танысты. Айта кетсек, «HILL Corporation» ЖШС-гі Қазақстандағы бірінші жоғары технологиялық майлау материалдарын шығаратын зауыт болып табылады. Компания майлау материалдарының 100 аса түрлерін өндіреді. Қазір әлемдік нарықта «Mobil», «ESSO», «Shell», «Castrol» майларының бәсі жоғары. Ал, «Hill» шығарған «Fastroil» мотор майы сапасы жағынан олардан еш кем түспейді. Бағасына келсек, 10-15 пайыздай арзан. Бұл маймен автомобильдер 15 мың шақырымға дейін жүретініне зауыт кепілдік береді. «Hill» корпорациясы еліміздегі үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 2010 жылы ашылған. Зауыттың қосымша жабдықтары да Испанияның, Италияның, Чехияның, Швецияның, Ресейдің және Тайландтың әлемдік өндірушілерімен жеткізілген. Жоба әлемдік деңгейдегі жағармайлардың толық спектрін өндіруді қарастырған. Өндіріс Қазақстанда осындай өнімнің сату құнын түсіруге, импортты алмастыруға және жағармайлардың экспортын арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда «Оңтүстік» АЭА-да жалпы инвестициялық құны 130.4 миллиард теңгені құрайтын 53 жобаны іске асыру көзделген. Бұл жобалар толық жүзеге асқан кезде 6 198 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.