ШЫМКЕНТТЕ АЛҒАШ РЕТ ҚОҚЫС СҰРЫПТАЙТЫН КОНТЕЙНЕРЛЕР ОРНАТЫЛУДА
Пилоттық жоба негізінде жүзеге асып отырған бастама алғаш болып Қаратау ауданында жүзеге асып отыр.
Инвестор «DE support» мекемесі тұрмыстық қалдықтардың әрқайсысына арнап 5 түрлі контейнер орнатқан. Темір, пластик заттар мен шыны, қағаз және тамақ қалдықтарын сұрыптау үшін таңғы сағат 09:00-17:00 аралығында арнайы қызметкер жұмыс істейді.
Мұндай жаңалыққа тұрғындар оң көзқарасын білдіруде. Себебі бұл бағыттағы жобалар өскелең ұрпақтың бойында қоқыс мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаның тазалығына көңіл бөлуге үйретеді.
Тұрғындар арнайы контейнерлер үшін бөлек ақы төлемейді. Инвестор бөлек жиналған қалдықтарды қайта өңдеу үшін кәсіпорындарға өткізіп, пайда табады.
Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Азамат Пармановтың мәлімдеуінше жаңадан ашылған контейнерлерде 8 көпқабатты тұрғын үйдің тұрмыстық қалдығы сұрыпталады. Тұрғындар қалдықтарды сұрыптау мәдениетін үйренгенше арнайы бір қызметкер жұмыс істейді. Осы жоба аясында келесі айда 15 орынға осындай контейнерлерді қою көзделуде.