ТҮРКІСТАНДЫҚТАР — ТҮРКИЯЛЫҚ БАУЫРЛАРМЕН БІРГЕ!

112
0
Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыкалық мектебінде, Түркиядағы табиғи апатқа байланысты жиын өтті. Жиынның басты мақсаты — бауырлас елдегі жағдайда зардап шеккендерге көмек күшін жұмылдыру.
Басқосуда облыстық «Ақсақалдар алқасының» төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов, қалалық «Қоғамдық келісім кеңесінің» төрағасы Әбдіқадыр Әбдіқадыров пен қала әкімінің орынбасары Ерлан Кузембаев сөз сөйледі.
«Түркі жұртының мақсаты — мәңгілік ел болу. Бауырлас ел Түркиядағы жедел жағдайда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, түркістандықтар болып бірге көмектесейік. Сіздердің дұғаларыңыз бен қолдауларыңыз жедел жағдайдан зардап шеккендерге қорған болады» деді, қала әкімінің орынбасары Ерлан Бақытжанұлы өз сөзінде.
Облыстық «Ақсақалдар алқасы» төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов жиынға қатысушыларды Түркияға көмек ретінде арнайы жинақталған қорға атсалысуға шақырды.
Жиын барысында қатысушылар бауырлас ел үшін тілектестігін білдіріп, өзара жинаған материалдық көмек қорларын табыстады.
Сонымен бірге, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры өкілі, доктор-профессор Пеями Баттал сөз алды. «Түрік халқы мен қазақ жұрты бірлігінің арқасында жұдырықтай жұмылып, болашаққа бірге қадам басады» деді, ректор өкілі жылы лебізін білдіріп.
Жиналған көмек қоры Түркістан Халықаралық әуежайы арқылы Түркия мемлекетіне жеткізіледі.