ҚАЗАҚСТАНДА ҚОҒАМДЫ ДЕМОКРАТИЯЛАНДЫРУ ҮРДІСІ

Қазақстандық қоғамның әлеуметтік-саяси және экономикалық дамуын демократияландыру үрдісінде, мемлекеттік ұлттық мекемелер мен қатар, жетекші рөл азаматтық қоғам институттарына тиесілі. Азаматтардың еркі және бастамалары бойынша құрылған ұйымдардан тұратын азаматтық қоғамдағы көппартиялық жүйені қызметі – демократияның жарқын көрінісі болып табылады.
Билік және қоғам арасындағы жүйелі байланыстың орнауы әрбір мемлекеттің дамуының маңызды шартына жатады. Егее де мемлекет азаматтары өз талаптары мен мұқтаждықтарын мемлекет басшылығына жеткізе алуға мүмкіндігі болмаса, саясат халық мүддесі үшін жүргізіле алмайды. Қазақстан Республикасының болашақ дамуы азаматтық қоғаммен, атап айтқанда саяси партиялармен тығыз және жүйелі байланысынан туындайды.
Мұндай ынтымақтастықтың жетістігі, мемлекеттік жобаларды әзірлеуге және іске асыруға қатысатын және үкімет пен қоғам арасындағы алшақтықты азайта алатын бүкіл қазақстандық халықтық партияларды құрумен және олардың қызметімен байланысты.
Саяси партияның өзгеруі – қоғамда болып жатқан өзгерістердің бір бөлігі. Жаңа Қазақстан саяси бағытында саяси партиялардың институционалдық және ұйымдастырушылық жағынан дамытуға барынша қолайлы жағдай жасау қажеттігі туындады. Атап Саяси ұйымдарды тіркеу үшін оның мүшелерінің саны бұрынғыдай 20 мың емес, 5 мың адам болса жеткілікті. Ал, өңірлердегі өкілдер саны 600-ден 200 адамға дейін төмендетіледі. Бір бұл ғана емес. Партия құру үшін азаматтардың бастамашыл тобының ең төменгі саны үштен бірге дейін азайтылады. Партиялардың құрылтай съезін өткізуге және филиалдарды құруға берілетін уақыт та артады. Бұл мәселелерді либералдандыру еліміздегі саяси кеңістікті дамыту үдерісін едәуір жандандырады деген сенімдеміз. Өз сайлаушыларының қордаланған проблемаларын сауатты әрі дәйекті жеткізетін, мәселелерді тиімді шешуге қабілетті жаңа партиялар пайда болады. Партиялардың парламентке өту үшін белгіленген төменгі шегі жеті пайыздан бес пайызға төмендетілді. Ерекше мұқтаждығы бар тұлғалар, әйелдер мен жастарға қарастырылған отыз пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісінде сақталады. Сонымен қатар, 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында Президент партияның мемлекеттік аппаратқа кірігуіне мүлдем жол бермеген жөн болатынын, саясаттағы монополия түрлі әлеуметтік кеселді туындататыны және мемлекетті дағдарысқа ұшырататыны анық екенін, саяси үстемдікке барынша шектеу қою қажеттігін мәлімдеген еді. Бұл бастамалар – мемлекеттіліктің институционалдық тірегі саналатын партиялық жүйені дамытуды жандандырып, жаңа саяси ұйымдардың пайда болуына жол ашады. Саяси бәсекені арттырып, барлық партияның дамуына бірдей жағдай жасайды.
Саяси реформалар бағдарламасында сайлау жүйесін жетілдіру, сайлау үдерісін жаңғырту, партия жүйесін дамыту мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері қарастырылған еді. Осылайша, 2023 жыл жаңа жүйе бойынша Сенат депутаттарын сайлаумен басталды. Нәтижесінде, әр өңірден 1 өкілден 20 сенатор сайланды. Сонымен қоса 19 қаңтарда Мемлекет басшысы жетінші сайланған Парламенттің Мәжілісін тарату туралы және мәслихат депутаттарының өкілеттіктерін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлықтарға қол қойды.
1 қаңтардан бастап сайлау заңнамасы мен сайлау жүйесіне енгізілген жаңа түзетулер күшіне енген. Бір мандатты округтер мен сайлау комиссияларын құру процесі өтіп жатыр. Енді аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері өз өкілеттіктерін тұрақты кәсіби негізде жүзеге асыратын болады. Бұл сайлау жүйесінің сапасын арттырады.
«Ауыл әкімдері корпусын жаңарту жалғасады. 350-ден аса кент, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу жоспарланып жатыр. Бұл сайлау мыңнан аса ауылдық елді мекенді қамтиды.
14 қаңтарда Парламенттің жоғары палатасы – Сенат депутаттарының кезекті сайлауы өтіп, еліміздің 20 өңірінен 20 мандатқа 55 кандидат бәсекеге түсті. Сенат депутаттығына кандидаттарды ұсынудың екі жолы бар. Ол облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың, аудандық мәслихаттардың сессияларында саяси партиялар және өзге де қоғамдық бірлестіктер мәслихаттардың өкілдері арқылы және кандидаттың өзін-өзі ұсынуы. Сенаторлардың депутаттық өкілеттік мерзімі — 6 жыл. Сенат депутаттарының жартысы әр 3 жыл сайын қайта сайланады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 19 қаңтарда жетінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды.
Бұған дейін, яғни жетінші сайланған Парламенттің Мәжілісінде 107 депутат болды. Ал жаңадан жасақталатын Мәжілісте мандат саны 9-ға қысқарып, 98-ді құрап отыр. Қысқартылған бұл 9 мандат осы уақытқа дейін Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан сайланатын депутаттарға тиесілі болатын. Алайда, өткен жылдың маусымындағы Референдумнан кейін қабылданған заңға сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан еліміздің жоғары заң шығарушы органына берілетін мандат саны беске қысқарып, оның өзі Сенатқа берілген еді. Бұл республиканың Ата заңында да жазылды. Яғни, бұған дейін Президент 15 Сенат депутатын тағайындайтын болса, ол сан 10-ға дейін қысқарып, енді соның бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынуы тиіс. Бұл норма 8-ші сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауынан бастап қолданылады.
2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстанда саяси реформалардың жаңа кезеңі басталды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің жұмысы аясында бастамашылық еткен саяси реформалардың 4 пакеті партиялық-саяси жүйені либерализациялау процесін жалғастырды.
Мемлекет басшысы ұсынған сайлау арқылы саяси бәсекелестікті дамыту, көп партиялы жүйені қалыптастыру, сайлау үдерісін жандандыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды орталықсыздандыру – саяси жаңғырудың басты тетігі әрі өзегі.
Аталмыш бағыттар, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың идеяларында шоғырланып, жүзеге асырылып отыр. Елдегі жағдайға талдау жасау арқылы, Мемлекет басшысының өзіндік саясатын тұжырымдап, оларды жүзеге асыруда табысты қадамдар жасап отырғаны аңғарылады. Атап айтқанда, «халық пен билік арасында үйлесімді консенсусты орнатуға және билік органдарының ел сеніміне ие болуын қамтамасыз етуге бағытталған стратегияларын, қаңтар оқиғасынан кейін елдің тұрақтылығын, мызғымастығын сақтап қалуын және ішкі қауіпсіздікті қамтамасыз етуін, саяси жаңғыру арқылы экономикалық реформаларды жүргізуге арналған саясатын, саяси жаңғыру және «Жаңа Қазақстанды» құру бағытына жаңа серпін беретін қадамдар ретінде бағалаймыз. Дәйектілік, сабақтастық, орындылық сипаттарға ие, Президенттің ұзақ мерзімге бағытталған стратегиялары жыл сайынғы халыққа Жолдауларында айқын көрініс тауып отыр және Қазақ елінің дамуына жаңа серпін беруге көзделген. Президент, саяси салада дәйекті институционалды қайта құрылымдар, партиялық жүйені жаңғырту, Парламент қызметін өзгерту, жергілікті өзін өз басқару органдарының қызметтерін жетілдіру, құқық қорғау органдарының қызметінің тиімділігін арттыру бойынша бастамалар көтеріп келеді.
Бұл бастамалардың барлығы Президенттің саяси жаңашылдықтарды енгізуге және өзгерістерді жалғастыруға, саяси жүйенің ашықтығын қамтамасыз етуге және пікір алуандығын дамытуға бағытталған стратегиялық бағдарының мығым екендігін айғақтайды.

Мәжінбеков Сәкен Аралбайұлы, философия ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы