МОДУЛЬДІ ОРТАЛЫҚТА ЕНДІ БАЛАЛАР ЕМДЕЛЕДІ

70
0
Пандемия кезінде салынған модульді жұқпалы аурулар орталығы балалар ауруханасы болып қайта құрылады. Енді орталық базасында дәрігерлер кішкентай науқастарға түрлі медициналық көмектер көрсетеді.
Емдеу орталығының сыйымдылығы 200 төсек орынға лайықталған. Мұнда реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінің 20 орны, КТ аппараты, цифрлық рентген және басқа да медициналық жабдықтар бар. Сондай-ақ ғимарат аумағында оттегі станциясы, автономды электр станциясы, лас қалдықтарды дезинфекциялауға арналған орындар мен жедел жәрдем машиналары қарастырылған. Осыған дейін инфекциялық госпиталь ретінде жұмыс істеген орталықты науқастарға қауіпсіз ету үшін барлық тиісті шаралар атқарылды. Ғимарат қабырғалары мен медициналық аппараттардан жұғындылар алынып, экспертиза жүргізетін тәуелсіз мекемелерге тексеруге жіберілген. Қорытынды санитарлық талаптарға сай танылып, орталық жұмысына рұқсат берілді.
Айта кету керек, Шымкентте медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайту ісі қарқынды жүруде. Мәселен, өткен жылдың аяғында үшінші мегаполистегі №1 қалалық клиникалық аурухана базасында заманауи ангиографиялық  ота жасау бөлмесі ашылды. Жаңадан орнатылған қондырғы арқылы диагностикалық тексерулерді өткізе отырып, күрделі оталарды жасауға мүмкіндік артты. Жалпы үшінші мегаполисте соңғы 3 жылда медициналық ұйымдардың материалдық техникалық базасын нығайтуға 13,9 млрд теңге қаражат бөлініп, қамту көрсеткіші 79,2 пайызға жетті. Ангиографиялық аппараттар 2020 жылы №2 қалалық ауруханаға, 2021 жылы Қалалық клиникалық балалар ауруханасына және Қалалық онкологиялық орталыққа орнатылып, халыққа жоғары мамандандырылған медициналық көмектің қол жетімділігін арттырды.  Мұнда бас ми тамырына, бастағы ісікке және инсульт алған науқастарға жоғары технологиялық операция жасалады. Жаңадан орнатылған ангиографиялық жүйе соңғы буындағы құрылғы болып табылады. Құны — 1 млрд теңгеге жуық. Жүйенің ерекшелігі екі детекторды бір уақытта қолдану арқылы нейрохирургиялық, интервенциялық оталарды жасауға, тамырларды 3D кескінде тексеруге, отаның барысында компьютерлік томография өткізуге мүмкіндік береді.  Сонымен қатар, еліміздің республикалық клиникалары мен шетел мамандарын тарта отырып, онлайн шеберлік сағаттарын өткізуге болады.  Қаланың және жақын орналасқан өңірлердің науқастарына жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетеді.