ШЫМКЕНТ МҰНАЙ ӨҢДЕУ ЗАУЫТЫНЫҢ ЖОСПАРЛЫ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН АЯҚТАЛДЫ

84
0
Соңғы үш күн ішінде өндіріс ошағы ішкі нарыққа 1500 тоннадан астам дизель жөнелтті. Әзірге Шымкент пен Түркістан облысын қамтып отыр.
Зауыт былтыр 6,2 млн тонна мұнай өңдеп, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Сәуір айының соңына дейін 366 мың тонна мұнай өңдеу жоспарлануда. Оның 110,1 мың тоннасы бензин, 114,8 мың тоннасы дизель отыны, 15,1 мың тоннасы сұйытылған мұнай газы, 19,3 мың тоннасы авиаотын, 77,6 мың тоннасы мазут. Президент зауыттың өндірістік қуатын арттырып, мұнай өңдеу көлемін жылына 12 млн тоннаға дейін жеткізуді міндеттеген болатын.
Айта кету керек, былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында Шымкент мұнай өңдеу зауытына барған болатын.  Онда зауытты басқарушы компания – «Петро Қазақстан Ойл продактс» ЖШС-нің президенті Ерболат Қожабаев Мемлекет басшысына қайта жаңғыртудан өткен өндірістің қазіргі жұмысы туралы баяндады. Бүгінде зауыттың жобалық қуаты жылына 6 миллион тонна мұнай өңдей алатын деңгейге жетіп, К-4, К-5 экологиялық санатындағы жанар-жағармай өндіре бастаған. Бұдан кейін зауыт жұмысшыларымен әңгімелескен Президент өндіріс орнының стратегиялық маңызына тоқталған еді. Өз сөзінде «Қазір зауыт ішкі нарықтың 40 пайызын қамтамасыз етіп отыр. Өнімнің сапасы да жақсарды. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Осының бәрі сіздердің, яғни жұмысшылардың қажырлы еңбегінің арқасында мүмкін болып отыр» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Соңғы үш жылда зауыттың бензин өндірісі 2,1 миллион тоннаға, авиакеросин өндірісі 340 мың тоннаға, дизель отыны 1,9 миллион тоннаға дейін артқан. Өнім толықтай ішкі нарыққа өткізіледі. Жалпы тіршілігі қайнаған Шымкент – тоғыз жолдың торабында орналасқан ірі мегаполис. Миллионнан аса тұрғыны бар шаһарда азаматтардың үштен бірі өзін-өзі жұмыспен қамтып отыр. Осы уақытқа дейін қаланы дамытуға 170 млрд теңге бөлінді. Құйылған инвестиция да аз емес.