ӘР ЖҰМЫСШЫ ӨЗ ҚҰҚЫҒЫН БІЛУІ КЕРЕК

99
0

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясын өткізіп келеді. Аталған акция аясында өткізіліп келе жатқан жиындардың басты мақсаты — тәжірибе алмасу және еңбек ұжымдарындағы көтерілген мәселелерді оңтайлы шешуге атсалысу.

Осы орайда, өткен аптада Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев Шымкент қаласында қоғамдық көлік қызметін жүзеге асыратын «Түркістан көлік компаниясы» ЖШС бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесті. Онлайн форматта өткен кездесуге «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек, «Түркістан көлік компаниясы» ЖШС басшысы Мейірхан Пірназаров, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбдібек Үкібаев пен мекеме қызметкерлері қатысты.

Кездесуді «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек ашып беріп, мәжіліс қатысушыларымен таныстырды. Содан соң бастауыш кәсіподақ ұйымының атқарған жұмыстары және жеткен жетістіктері бойынша арнайы дайындалған бейнематериал қатысушылардың назарына ұсынылды. Жиында алғашқы сөз алған ҚР КФ төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясының маңызды міндеттері турасында тарқата айтты.

Сөз кезегін алған бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Әбдібек Үкібаев бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы, міндеттері мен табыстары және алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның мәлімдеуінше, бүгінде компанияда жұмыс істейтін 690 қызметкер жұмыс істейді. Барлығы да – кәсіподақ мүшелері. Кәсіподақ ұйымының жұмысшылары үшін қолайлы жағдай жасалған, әр қызметкерге мейрам сайын толыққанды кәсіподақ тарапынан қолдау көрсетіліп, еңбектері еленіп отырады. Мерейтой, туған күн, зейнет жасына келген қызметкерлерге Алғыс хат және арнайы сыйлықтар ұйымдастырады. Сондай-ақ еңбегі сіңген қызметкерлерге санаторийлерге жолдама табыстау жолын да қарастырады. Кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық, құқықтық мүдделерін қорғау 100 пайызға сақталған. Кездесуде сөз сөйлеген автопарк басшылығы Мейірхан Пірназаров кәсіподақтың ықпалымен жүргізушілердің жалақылары артқаны үлкен қуаныш болғанын жеткізді. Сонымен қатар қоғамдық көлік жүргізушілерінің тапшылығы жайында айтып, мәселеге қатысты мамандыққа қызықтыру мақсатында арнайы ұсыныс дайындалып жатқанын жеткізді. «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төраға міндетін атқарушы Жарқынбек Құрманбек алдағы уақытта компания қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі мен техникалық қауіпсіздіктері жағынан біліктіліктерін арттыру бойынша оқыту жүргізілетінін жеткізді.

Кездесуді қорытындылаған Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев биыл ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2023 жылды «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, техникалық инспекторлардың жұмысы мен өндірістік жазатайым оқиғаларды болдырмау басты назарда екенін алға тартты. «Түркістан көлік компаниясы» бүгінде әлеуметтік жауапкершілік жүгін жүктеп келе жатқанына тоқталып, техника қауіпсіздігі мен еңбек қауіпсіздіктері бағытында атқарылар жұмыстарды толыққанды ілгерілетіп, жөнге келтіруді алға тартты. Ал басқа да шешілмейтін мәселелер бойынша ҚР Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп, заң аясында тиісті жұмыстар атқарылып, шешілу жолын қарастыратынын, мәселелер жауапсыз қалмайтынын мәлімдеді. Төраға орынбасары жиынға оң бағасын беріп, кәсіподақ мүшелеріне сәттілік тіледі.