ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІКТІ САҚТАУ — БАСТЫ МІНДЕТ

85
0

Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының кестесіне сәйкес, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Б.Жалмұрзаев, Абай ауданы әкімдігінің, «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің қызметкерлері Қайнарбұлақ тұрғын алабымен және саяжай тұрғындарымен кездесті.

Жиынға Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен саяжайынан жүзге тарта тұрғын жиналды. Кездесу  барысында, жалпыұлттық бірлікті ілгерілету, азаматтық келісімді нығайту, кереғар діни ағымдардан сақтану жөніндегі келелі ойлар ортаға салынды. Сонымен қатар еліміздің қолданыстағы заңдылықтарын сақтау, ішкі біртұтастық пен бірлікті бекемдеу, өскелең ұрпақ — жастарға оң тәрбие беру мәселелері туралы жан-жақты сөз болды. Жиын әрі қарай сұрақ-жауап форматында жалғасын тапты. Өңір тұрғындары көкейіндегі маңызды сауалдарын жолдап, жауаптарын алып жатты. Сонымен қатар жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытындағы бастамаларға оң бағасын беріп, ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Айта кету керек, мұндай жиындар бірінші рет ұйымдастырылып отырған жоқ. Үшінші мегаполис аумағында ондаған ұлт пен ұлыстың ынтымақта өмір сүретіні белгілі. Сондықтан жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатын көздейтін шаралар ұдайы ұйымдастырылады. Алдағы уақытта да аталған бағыттағы кездесулер жалғасын таппақ.

Бүгінде ақсақалдар кеңесі ұлттарды ұйыстырып, ынтымақ пен бірлікті насихаттау ісіне айрықша үлес қосып келеді. Олардың қатарында елге сыйлы, қоғамға белгілі, еткен еңбегімен елдің құрметіне ие болған азаматтар бар. Аталған кеңес, әсіресе, жастар арасындағы өзекті мәселелерді шешу мен жастар тәрбиесі, ұлттық бірлікті сақтау мен ынтымақта өмір сүру сынды бағыттарды кеңінен насихаттап, жемісті жұмыс істеуде.