ЖЫЛУ ЖҮЙЕЛЕРІНДЕ ЖОСПАРЛАНҒАН ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖҮРГІЗІЛЕДІ

80
0
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің қатысуымен жылу жүйелерінің дайындығын пысықтауға арналған жиын өтті. Қазір қала аумағындағы жылу құбырларын ретке келтіру бойынша іс-шара жоспары мен штаб құрамы бекітілді.
Жоспарға сәйкес 8,7 шақырым жылу жүйелері ағымдағы жөндеуден өтіп, 9,3 шақырымға қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Жобалар аясында Гагарин, Абай, Громов көшелеріндегі магистралды жылу құбырларын және Гоголь, Адырбеков көшелеріндегі жылу желілерін жөндеуден өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ қазір «3-Энергоорталық», «ҚазТрансГаз Аймақ», «ОңтүстікЖарықТранзит», «Су ресурстары — Маркетинг» коммуналдық мекемелер тарапынан да тиісті модернизациялық жұмыстар басталды. Мұрат Дүйсенбекұлы өткен жылыту маусымындағы кемшіліктерді ескере отырып, барлық жылу жүйелерінде, қазандықтарда, сорғы стансаларында, инженерлік жүйелерде жоспарланған жөндеу жұмыстарын сапалы жүргізіп, мерзімінде аяқтауды ескертті. Сондай-ақ, аудан әкімдеріне көп қабатты тұрғын үйлердің жертөлелерін тазалау, ішкі жылу жүйелеріндегі тозығы жеткен тік бағаналарын ауыстыруды ұйымдастыру бойынша тапсырмалар жүктеді. Қаланың 2023-2024 жылдардағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстарының барысы бақылауға алынып, бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес апта сайын тұрақты мониторинг жүргізілетін болады. Айта кету керек, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і инвестициялық бағдарлама қабылдап, 2022 жылы 121,3 шақырым электр желілері жаңартылған. Биыл 126,3 шақырым желі мен 4 қосалқы станциясын жаңарту жоспарланып отыр. Сондай-ақ компания 2024 жылы 147,8 шақырым желі мен 3 қосалқы станцияны, 2025 жылы 90,2 шақырым желі мен 5 қосалқы станцияны жаңарту көзделіп отыр. Бұдан бөлек Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы тарапынан инженерлік инфрақұрылым желілеріне жұмыстары жүргізіген. «КазТрансГаз Аймақ» АҚ-ына тиесілі 898,9 шақырым табиғи газ құбыры жаңғырту үшін 28,2 млрд теңге қажет. Бұл Шымкент қаласындағы газ құбырларының тозу деңгейін 12 пайызға төмендетеді. Бұдан бөлек, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і 1 902,1 шақырым электр желісін жаңартуы тиіс. Ол үшін 31,4 млрд теңге инвестиция тартылуы қажет. Бұл электр желілерінің тозу деңгейін 20 пайызға төмендетеді.  Сондай-ақ «Қуатжылуорталық-3» 19,8 шақырымдық жылу жүйесін жаңғыртуға 3,2 млрд теңге инвестиция сала отырып, тозу деңгейін 15 пайызға төмендете алады. «Су ресурстары Маркетинг» ЖШС-і де 83 шақырым су құбырын жаңғыртуға – 2,5 млрд теңге, 18 шақырым су бұру жүйесін жаңғыртуға – 29,8 млрд теңге инвестиция салуы қажет. Нәтижесінде ауыз су жүйесінің тозу деңгейі 21 пайызға төмендейді.