ИГІЛІГІ МОЛ ЖОБА ЖАЛҒАСУДА

75
0

Шымкент қалалық клиникалық балалар ауруханасы ерекше балаларға арналған жобаны жалғастыруда. Осы  жоба аясында 700-ге жуық баланың тісіне түрлі ем шаралар жасалды. Соңғы үлгіде жабдықталған мамандандырылған стоматологиялық кабинетте тісті емдеумен қатар, ауыз қуысына диагностикалық тексерулер жүргізіліп, емдеу шаралары тағайындалды.

Дәрігерлер церебральды сал ауруы, аутизм сырқаттарға шалдыққан балалардың ауыз қуысы мен тісін арнайы әдіспен, наркоз беру арқылы жеңіл түрде емдейді. Стоматалогиялық кабинет дәрігерлері пациенттерді жергілікті емханалардың жолдамасы арқылы қабылдайды. Жалпы ерекше қамқорлықты қажет ететін балалармен жұмыс істеу — мемлекеттің әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Осы мақсатта 2022 жылы қаламызда «Қамқорлық» №8 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы өз жұмысын бастаған болатын. Қазіргі таңда, орталықта 30-ға жуық бала тегін арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін алуда. Олармен кәсіби мамандандырылған психиатр, невропатолог, логопед-дефектолог, психологтар жұмыс істеп жатыр. Ең бастысы, мекеме заманауи құрылғылармен жабдықталған. Балаларға АВА топтық және жеке қабылдау бөлмелері, қосалқы білім беру, лего және робототехника тігін шеберханасы, АРТ-терапия, ағаш шеберханасы, музыкалық кабинеттер жасақталған.  Айта кету керек, жуырда Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың қатысуымен өткен жиында ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету шаралары талқыланған болатын.  Жалпы қалада бүгінде мүгедектігі бар азаматтар мен балаларға 11 орталық арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Мүгедектігі бар азаматтар қажетті құралдар мен қызметтерге арнайы портал арқылы тапсырыс беруде. Сондай-ақ жиында ересектер мен балалар арасындағы мүгедектікті алдын алу, ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың өзекті мәселелері қарастырылды. Қала әкімі жауаптыларға арнаулы қызметтерді жақсарту бойынша бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ, мүгедектікті азайту үшін отбасын жоспарлау, ата-аналар арасында репродуктивті денсаулықты түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін ескертті. Бүгінде қаладағы медицина ұйымдары бойынша мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдаудың əлеуметтік саясатын жетілдіру жəне оларға əлеуметтік, көліктік инфрақұрылым нысандарының кедергісіз қолжетімділігін қалыптастыру үшін белгіленген талаптарға сай ету ұсынылған. Осылардың барлығын негізге ала келе, қалалық денсаулық сақтау басқармасы жанынан арнайы мониторингтік топ құрылып, өткен жылы емдеу мекемелеріндегі жағдайды жиі тексеріп, қажет шараларды көріп келеді.