ТАССАЙ ИНДУСТРИЯЛЫҚ АЙМАҒЫНДА 7 ЖОБА ЖҮЗЕГЕ АССА, 200 ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛАДЫ

77
0

Еліміздің экономикасының дамуында арнайы экономикалық аймақтардың маңызы айрықша. Мұндай аймақтар кәсіпкерлердің өз кәсібін әрі қарай дамытуына айрықша әсер етті. Сәйкесінше, мәселелер де жоқ емес. Бұл жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың қыркүйегінде жариялаған Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да айтқан болатын.

Нақтырағы, өз сөзінде «Арнайы экономикалық аймақтарға инвестициялық жеңілдіктерді саралап беру керек.  Неғұрлым көп ақша салсаң, соғұрлым көп жеңілдік аласың деген ұстаным басты  қағида болуы қажет. Жұмыс істейтін саласы негізгі бағыт болмаса да, маңызды индустриялық жобаларды жүзеге асыратын инвесторлар бар. Оларға салық және кеден жеңілдіктерін ұсынбай-ақ, жер телімдерін беруге болады» деген болатын ел Президенті. Бүгінде мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында үшінші мегаполисте бірқатар игі бастамалар көтерілуде. Жасыратыны жоқ, Шымкент инвесторларға қолайлы жағдай жасап, шағын және орта бизнестің дамуына үлкен мүмкіндік жасап отырған қаланың бірі саналады. Мәселен, жуырда қала әкімі Мұрат Әйтенов бірқатар индустриялық аймақтарды аралап, кәсіпорындардың жұмыстарымен танысты. Қазір «Тассай» индустриялық аймағында 24 жоба іске қосылып, онда 1,8 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды. Жалпы аймақ іске қосылғалы мұндағы кәсіпорындардан бюджетке 8,2 млрд теңге салық төленген. Бизнес өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелерін тыңдаған Мұрат Дүйсенбекұлы туындаған проблемалардың оңтайлы шешу жолдарын қарастырды. Өз сөзінде «Аймақты инженерлік-инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының екінші кезеңін жыл соңына дейін аяқтау қажет. Оған дейін кәсіпорындардың уақытша электр қуатымен қамтылуын ұйымдастырыңыздар. Инвесторларға берілген жер телімдерінің тиімді пайдаланылуын қадағалауға алыңыздар» деді қала әкімі. Жыл соңына дейін мұнда 7 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Жобалар 200 адамды жұмыспен қамтуға қауқарлы. Қала әкімі жауаптыларға кәсіпорындардың қуаттылығына сай жұмыс істеуіне барынша қолайлы жағдай жасап, абаттандыру, көріктендіру жұмыстарын бақылауға алуды тапсырды.