950-ГЕ ЖУЫҚ ЖҰМЫСКЕРДІҢ ЖАЛАҚЫ ҚАРЫЗДАРЫ ӨТЕЛГЕН
Ел азаматтары еңбекқор болғанда ғана мемлекеттің келешегі кемел болмақ. Сондықтан қоғамда өз саласының қыр-сырын қанық білетін кәсіби мамандарға деген құрмет қашан да жоғары. Бұл жөнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында тілге тиек еткен болатын.
Нақтырағы, ел Президенті өз ойын былайша тарқатқан болатын «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды». Осы орайда, әрбір салада қызмет атқарып жатқан қызметкерлердің жұмысына асқан жауапкершілікпен жандасуы үшін еңбек саясаты тиімді жүзеге асуы тиіс. Бұл тұрғыдан келгенде, үшінші мегаполисте атқарылған шаруа аз емес. Жуырда ақпараттық-коммуникациялық орталығы алаңында Шымкент қаласының мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Бауыржан Қалжанов аталған салада жүзеге асқан жұмыстар жайын тарқата баяндады. Үшінші мегаполисте жұмысшылардың құқығын қорғау ісі қарқынды түрде жүргізіліп келеді. Басқарма басшысының айтуынша, 2023 жылдың бірінші тоқсанында басқармамен азаматтардың 490 өтініші қаралған. Нәтижесінде 80 тексеру жүргізіліп, 98 бұзушылық анықталып отыр. Оның ішінде еңбек қатынастары бойынша – 93, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 5. Анықталған бұзушылықтардың 72-сі жойылып, заңға сәйкестендірілген. Анықталған бұзушылықтар бойынша 46 нұсқама беріліп, 5,1 млн теңгеге 24 айыппұл салынған. Оның ішінде 2,8 млн теңге көлеміндегі 17 айыппұл өндіріліп отыр. Сонымен қатар 2023 жылдың бірінші тоқсанында мемлекеттік еңбек инспекторларымен 34 кәсіпорындағы 935 жұмыскердің 451,6 млн теңге көлеміндегі жалақы қарыздары өтелді. Қазіргі уақытта 2 кәсіпорынның 72 қызметкері алдында жалақы бойынша берешек 8,5 млн теңгені құрайды. Атап айтқанда, «Rio Med» ЖШС-ның 71 қызметкер алдындағы жалақы қарызы 7,9 млн теңгені құраса, «СПИК Аккорд» АҚ-ның 1 қызметкер алдында жалақы қарызы 0,6 млн теңге болып отыр. Берешекті мәжбүрлі түрде өндіру үшін «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушылардың мәртебесі туралы» ҚР заңына сәйкес іс құжаттары жеке сот орындаушылар өңірлік палатасына жолданып, сот орындаушылар тарапынан жұмыстар жүргізіліп отыр.