БАУЫР ТРАНСПЛАНТАЦИЯСЫ: НАУҚАСТЫҢ ОТАДАН КЕЙІНГІ АХУАЛЫ ҚАНДАЙ?

65
0

Шымкент қаласында медицина саласы жоғары қарқынмен дамып келеді. Жаңарған материалдық-техникалық база мен біліктілігі жоғары дәрігерлердің арқасында үшінші мегаполистің өзінде күрделі оталар сәтті жасалуда. Мәселен, мамыр айының басында шаһардағы №1 қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері 200-ші бүйрек трансплантациясын сәтті аяқтады.

Газетіміздің бұған дейінгі санында да №1 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Абылай Донбайдың жетекшілігімен өткен ота турасында тарқата жазған болатынбыз. Енді жуырда дәл сол емделушінің жағдайын біліп, көзімізбен көріп қайттық. Пациенттің жағдайы жақсы. Отаға дейін бірнеше ай бойы гемодиализ аппаратына тәуелді болған азамат ақ халаттылардың біліктілігінің арқасында дертіне шипа тауып отыр. Емделушіге 1995 жылғы інісі донор ретінде бүйрегін беріпті. «5 мамырды мен «екінші туған күнім» десем де болады. Дертпен алты жылдай күресіп, ота алдындағы 8 ай гемодиализге тәуелді болдым. Трансплантация – өте күрделі ота. Түрлі талдамалар жасатып, ағзаның сәйкестігі ерекше қадағалауда болады. Алайда 200 адамға ота жасап, өмір жасын ұзартуға септігі тиген алтын қолды дәрігерлердің кәсіби біліктілігіне сенім арттым. Отаны бас дәрігер Абылай Абдужаппарұлы өзі жасаса, «Трансплантация және хирургия» бөлімінің меңгерушісі Рахымжан Үмбетжанов отадан кейінгі денсаулық көрсеткіштерінің қалыпқа келуін қадағалады. Дәрігерлерге алғысым шексіз. 5 мамыр күні ота жасалса, реанимациядағы 2 күндік бақылаудан соң, жалпы палатаға ауыстырды. Отадан кейінгі оңалтудың маңызы зор. Осы 10 күн ішінде дәрігерлер бақылап, ем-дом жасады. Жағдайым қалыпты. Аллаға шүкір, асқа тәбетім де дұрысталып, қалыпты жағдайға оралып жатырмын. Ары қарай да күтініп, дәрігерлердің бақылауында боламын» дейді емделуші. Мұндай күрделі отаны аурухананың бас дәрігері Абылай Донбай бастаған Ж.Сүйгенбаев, А.Калымбетов, Ұ.Мұканова, Р.Үмбетжанов сынды білікті дәрігерлер жасады. Анестезиолог Қ.Айтуовтың да отаның сәтті шығуына үлкен үлес қосқанын айрықша айта кеткеніміз жөн. Міне, осындай білікті дәрігерлердің арқасында әдетте 7-8 сағатқа созылатын күрделі ота 3-4 сағатта сәтті аяқталған. Жалпы бүгінгі таңда үшінші мегаполисте бүйрек жетіспеушілігімен 2000-ға жуық тұрғын тіркеуде тұр. Басты мәселе – донор жетіспеушілігі. Сәйкесінше, қолданыстағы заңнамаға толықтырулар енгізбесе, бұл мәселенің жуық арада шешілуі екіталай.